Қарағандыда Кеншілер күніндегі концертке 170 мыңға жуық адам жиналды
Қарағандыда Кеншілер күніне арналған концертке 170 мыңға жуық адам қатысты. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ, қауіпсіздік шаралары жалғасуда.
Қарағандыда Кеншілер күніне арналған мерекелік концерттік бағдарлама жалғасуда. Әлемге танымал өнер жұлдыздары қатысқан шараға облыс тұрғындары, көршілес қалалардан және шетелден келген қонақтар жиналуда.
Қала әкімдігінің мәліметінше, сағат 21:00-дегі жағдай бойынша концертке 170 мыңға жуық адам қатысқан.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ, құқық бұзушылықтар тіркелмеді. Қауіпсіздік шаралары концерттік бағдарлама толық аяқталғанға дейін жалғасады, деп хабарлайды ресми дереккөз.




