Авторлар туындыларын цифрлық платформаға енгізуге шақырылды
Әділет министрлігі авторларды туындылары туралы мәліметтерді Бірыңғай цифрлық платформаға енгізуге шақырды. Жүйе сыйақыны есептеу мен бөлуді автоматтандырады.
Әділет министрлігі авторларға өз туындылары туралы деректерді Бірыңғай цифрлық платформаға енгізуді ұсынды. Бұл жүйеде пайдаланушыларға туындылар, авторлар, құқық иеленушілер, ұжымдық басқару ұйымдары және жасалған шарттар бойынша тізілімдер қолжетімді. Сонымен қатар, платформада белгілі бір кезеңдегі танымал орындаушылардың рейтингі сияқты статистикалық ақпарат пен туындылардың карточкалары да бар.
Қазақстанда авторлық құқықтарды ұжымдық басқару процестері цифрлық форматқа көшірілді. Бірыңғай цифрлық платформа туындылардың пайдаланылуы, авторлар мен құқық иеленушілерге сыйақыны бөлу және төлеу туралы деректерді жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл рәсімдердің көбі қағаз түрінде жүргізіліп, кейде сыйақы қолма-қол төленетін.
Платформа құқық иеленушілерге авторизациядан өтіп, жеке кабинетте жұмыс істеуге және шарттарды электронды түрде жасасуға мүмкіндік береді. Жүйеде дербес деректерді сақтау да қамтамасыз етілген.
Сыйақыны есептеу жүйесі пайдаланушылардан түскен қаражаттан бастап, оны әр авторға төлеуге дейінгі барлық процесті қамтиды. Туындының орындалу саны, құқықтың кімге тиесілі екені және әр құқық иеленушінің үлесі ескеріледі. Қажетті мәліметтерді авторлық қоғамдар енгізеді, ал есептеу толық автоматтандырылған әрі ашық. Құқық иеленуші де, авторлық қоғам да, пайдаланушы да қорытынды соманың қалай қалыптасқанын көре алады.
Жүйенің техникалық бөлігі, яғни сыйақыны автоматты есептеу және бөлу тетігі дайын. Алайда нәтиже деректердің толықтығы мен дұрыстығына байланысты. Сондықтан авторларға туындылары, құқық иеленушілердің үлестері, ISRC кодтары және сыйақы алушылардың сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді енгізу ұсынылады. Келесі айдан бастап барлық есептеу авторлық қоғамдарға ұсынылады.
Қазіргі уақытта платформаға 164 мыңнан астам туынды жүктелген, шамамен 15 мың құқық иеленуші енгізілген. Алайда олардың тек 7 мыңына ғана толық мәлімет бар. Толық дерек болмағандықтан сыйақыны бөлу мүмкін емес.
Сондай-ақ, жақын арада мобильді қосымша іске қосылады. Ол авторлар мен құқық иеленушілерге туындыларының қайда, қашан және қанша рет орындалғанын, жиналған қаражат пен тиесілі сыйақы көлемін көруге мүмкіндік береді.
Платформаның маңызды бөлігі – эфирді автоматты мониторингтеу жүйесі. Ол тәулік бойы радио мен телеарналардағы контентті талдап, әр туындыны секунд сайын тіркейтін журнал қалыптастырады. Тректер атауы, орындаушысы және ISRC коды бойынша анықталады. Мониторинг деректерді алты айға дейін сақтайды. Даулы жағдайларда Ұлттық зияткерлік меншік институты тиісті есептерді ұсына алады. Бұл жүйе қолмен жасалатын есептерді автоматтандырылған жүйемен алмастырып, авторларға қажетті ақпаратты жүктеп алуға мүмкіндік береді.




