Павлодар облысында 14 жыл бұрынғы қылмыс ДНҚ сараптамасымен ашылды
Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған қылмыс ДНҚ сараптамасы арқылы ашылды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған қылмыс заманауи ДНҚ сараптамасының арқасында ашылды. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Полиция үшін басты міндет – шындықты анықтап, қылмыс жасаған адамды жауапкершілікке тарту. Қылмыс қанша уақыт бұрын жасалғанына қарамастан, бұл жұмыс тоқтамайды. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашуда заманауи криминалистиканың мүмкіндіктері тиімді қолданылуда.
2012 жылы бау-бақша қоғамдастығының аумағында 62 жастағы әйел зорланып, өлтірілген болатын. Сол кезде қылмыскерді анықтау мүмкін болмаған. Алайда істі ашу бойынша жұмыс жалғасты. Жедел қызметкерлер мен криминалистер істі қайта зерделеп, тексеру нәтижесінде күдікті анықтады.
Күдікті 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам болып шықты. ДНҚ сараптамасы оның қылмысқа қатысы бар екенін растады. Ер адам кінәсін мойындап, ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Полиция өткен жылдардағы қылмыстарды ашу бойынша жұмысты жалғастырады. Қылмыс жасаған адам заң алдында жауап береді.




