«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Жазушылар одағында жиын өтті
Қазақстан Жазушылар одағында Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы талқыланды. Қаламгерлер жинақтың маңызы мен мазмұны жөнінде пікір білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағында Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабына арналған басқосу өтті. Жиынға Одақ Басқарма Төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай, сондай-ақ белгілі қаламгерлер Смағұл Елубай, Әлия Бөпежанова, Қанат Қайым, Әділғазы Қайырбеков, Пәтигүл Мақсатова, Жүсіпбек Қорғасбек, Маралтай Райымбекұлы және Ерлан Жүніс қатысты.
Басқосуды ашқан Одақ төрағасы Мереке Құлкенов әдебиеттің адамды адалдыққа тәрбиелеудегі рөліне тоқталды. Оның пікірінше, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаудың өзі терең мәнге ие, өйткені шындықсыз әділетті қоғам құру мүмкін емес. Ол Мемлекет басшысының сөздерінен ел тағдырына, ұлттық құндылықтарға, заң мен тәртіпке деген азаматтық ұстанымын айқын көруге болатынын атап өтті.
Мереке Құлкенов Президенттің қазақ әдебиетіне деген құрметін ерекше атады. Ол Мемлекет басшысының «Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзі қаламгерлерге үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Одақ төрағасы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға жазушылар сапалы шығармалармен жауап беруі тиіс екенін айтты.
Жиын барысында ақын-жазушылар кітаптың мазмұны мен көтерген мәселелері жөнінде пікір білдірді. Смағұл Елубай жинақта құндылықтардың тарау-тарау болып қамтылғанын, Президенттің әр сөзінің жүректен шыққан шыншылдығымен ерекшеленетінін атап өтті. Әлия Бөпежанова бұл кітапты жастар үшін де, барша қазақстандық үшін де қажетті басылым деп бағалады.
Қанат Қайым кітаптағы сөздердің 21 тақырып бойынша жүйеленуін ыңғайлы әрі мазмұнды деп тапты. Әділғазы Қайырбеков «Тарих. Мәдениет. Руханият» бөліміне ерекше назар аударып, Президенттің «Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды» деген тұжырымын қуаттады. Қасымхан Бегманов жинақты Әділетті Қазақстан құрудағы бағдаршам деп атады.
Пәтигүл Мақсатова кітапты «ақылдың көзі» деп бағалап, Президенттің цифрландыру мен жасанды интеллект туралы ойларын ерекше атады. Жүсіпбек Қорғасбек жинақтың жасқа да, жасамысқа да пайдалы екенін, Президенттің көптеген күрделі мәселелерге ашық жауап бергенін жеткізді. Ғалым Қалибек ұлттық идеологияны негіз еткен тұжырымдардың маңыздылығына тоқталды.
Маралтай Райымбекұлы кітаптың әр қазақтың төрінде тұратын құнды еңбек екенін айтты. Ерлан Жүніс жинақтан елдік ұстанымның эволюциясын көруге болатынын, Президенттің әке тағылымының оның өмірінде ерекше рөл атқарғанын атап өтті. Бейбіт Сарыбай кітапты «тұтас халық оқитын ойлар қағбасы» деп бағалап, оны мемлекеттік қызметкерлер мен жастардың оқуы маңызды екенін жеткізді.




