Алматыда ауыр жарақаттарға арналған мамандандырылған ортопедиялық орталық ашылды
Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада ауыр жарақат алған және тірек-қимыл аппараты аурулары бар науқастарға көмек көрсететін жаңа мамандандырылған орталық өз жұмысын бастады. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Орталық шұғыл диагностика мен жоғары технологиялық оталардан бастап, оңалту мен медициналық қалпына келтіруге дейінгі толық емдеу циклін ұсынады. Науқастарды емдеу ТМККК және МӘМС есебінен жүргізіледі.
Мұнда күрделі сынықтар мен ауыр жарақаттар кезінде эндопротездеу, реконструктивті және аз инвазивті операциялар жасалады. Сондай-ақ зақымдалған сүйектер мен буындарды қалпына келтіру шаралары жүзеге асырылады.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов орталықтың ашылуында атап өткендей, бұл орталық жарақаттар мен тірек-қимыл аппараты ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін біріктіріп, мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырады және емдеу сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Жаңа орталық мамандардың біліктілігін арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу алаңы ретінде де қызмет етпек. №4 қалалық клиникалық аурухана жыл сайын 19 мыңнан астам пациентті қабылдап, шамамен 12 мың операция жасайды. 2025 жылы ірі буындарды эндопротездеу бойынша 2250 ота жасалған.
Орталықты құру барысында қабылдау бөлімінің жұмысы толық жаңартылып, Алматы қаласы мен облысының травматологиялық қызметтері арасындағы үйлестіру күшейтілді. Аурухана аумағында қала стационарлары арасында жалғыз тікұшақ алаңы жұмыс істейді, ол ауыр жарақат алған науқастарды, соның ішінде ТЖМ құтқарушылары таулы аймақтардан эвакуациялағандарды жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл бастама бұған дейін жарақаттану, жедел медициналық көмек және медициналық авиация мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің оң бағасын алған. Орталықтың ашылуына орай серіктес банк ауруханаға жаңа жедел жәрдем автокөлігін сыйға тартты.




