Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

«Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінімдер 2026 жылдың 31 тамызында басталады

«Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінімдер 2026 жылдың 31 тамызында басталады
Сурет: aikyn.kz

Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасы аясында өтінімдерді қабылдауды 2026 жылдың 31 тамызында бастайтынын хабарлады. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна төмендетілген және басқа жылжымайтын мүліктің болуына шектеу қойылмайды. Тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады, тіркелген мекенжайға қойылатын талап жоқ.

Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, әйел баспана иесі атанғанда, оның дүниеге деген көзқарасы өзгереді, өзінің және балаларының болашағына сеніммен қарай бастайды. Ол бағдарламаның нақты нәтижесін атап өтті: алғашқы үш жылда 3 600-ден астам қазақстандық әйел осы бағдарлама арқылы қоныс тойын тойлады.

«Ұмай» бағдарламасын қаржыландыруды Азия даму банкі жүзеге асырады. Қаражат кезең-кезеңімен бөлінеді, алғашқы транш ретінде Отбасы банкке 9 млрд теңге аударылды.

Өтінім беру тәртібі

Несие алуға өтінімді қашықтан беруге болады. Ол үшін Отбасы банктің сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисін немесе Baspana Market-тегі (otbasybank.kz) жеке кабинетті пайдалану қажет. Оператор кеңес беріп, сұрақтарға жауап береді және өтінімді онлайн қабылдайды. Онлайн өтінім берген кезде электрондық құжаттар жеткілікті. Қажет болса, өтінімді банк бөлімшесіне барып та беруге болады. Төлем қабілеттілігін растау үшін соңғы 6 айдағы ресми табыс керек. Отбасының орташа айлық таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауы тиіс.

Бағдарлама шарттары

  • Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 14,8% (ЖТСМ – 16,3%-дан 16,8%-ға дейін).
  • Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге.

Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз қаражаты есебінен сатушыға өзі аударады. Астана немесе Алматыда тұрғын үй сатып алынса, бастапқы жарна кемінде 20%, басқа қалаларда – 15%. Қалған соманы Отбасы банк несиеге береді. Несие сомасы тұрғын үйдің сатып алу бағасы мен бағалау құнының төменірек болғаны негізінде есептеледі. Мысалы, Алматыдағы пәтердің сату бағасы 32 млн теңге, ал бағалаушы құнын 30 млн теңге деп анықтаса, несие 30 млн теңге негізінде есептеледі. Банк осы соманың 80%-ын, яғни 24 млн теңгені несиеге береді, қалған 6 млн теңгені қарыз алушы бастапқы жарна ретінде өзі төлейді.

Сатып алуға болатын тұрғын үй

Бағдарлама бойынша пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үй, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй (Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігімен немесе сақтандыру құралын пайдалану арқылы) және 2016 жылдан ерте емес салынған қайталама тұрғын үй сатып алуға болады. Бастапқы тұрғын үйді тек Baspana Market-тен (otbasybank.kz) таңдауға болады. Сатып алынған тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді, некеде болса – ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі ретінде. Бағдарлама бойынша қоса қарыз алушыларды тартуға болады.

Жөндеуге берілетін қарыз

«Ұмай» бағдарламасы аясында қарыз алушы өзі тұрып жатқан тұрғын үйді жөндеуге жеке қарыз ала алады. Жөндеуге берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 15 млн теңге.

Депозиттегі жинақ төменірек мөлшерлемеге тезірек өтуге мүмкіндік береді. «Ұмай» бағдарламасы бойынша банк алдын ала қарыз береді, яғни салымшы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық талаптарын орындамаған болса да, қарыз ала алады. Ол үшін депозиттің мерзімі кемінде 3 жыл, жинақ көлемі 50%, ал бағалау көрсеткіші 16 болуы қажет. Алдын ала қарыз бойынша төлем екі бөліктен тұрады: бір бөлігі есептелген сыйақыны өтеуге, екіншісі депозитті толықтыруға бағытталады. Алдын ала қарыз депозитте қарыз сомасының 50%-ы жинақталғанға дейін қолданылады. Жинақтау кезеңінде депозитке банктің 2% сыйақысы есептеледі. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Егер депозитте бұрыннан жинақ болса, қажетті 50% тезірек жиналады, бұл тұрғын үй қарызына ертерек өтуге мүмкіндік береді. Оның мөлшерлемесі жылдық 5%-ға дейін (ЖТСМ – 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) төмендейді, нәтижесінде ай сайынғы төлем мен жалпы артық төлем азаяды.

Ай сайынғы төлемдердің шамамен мөлшері кестеде көрсетілген. Клиент ТҚЖ-ға неғұрлым көп үлес қосса, ай сайынғы төлем соғұрлым аз болады.

Отбасы банкі Азия даму банкімен бірлесіп «Ұмай» бағдарламасын алғаш рет 2021 жылы іске қосты. Оны жүзеге асыруға АДБ 38 млрд теңге бөлді. Үш жыл ішінде бағдарлама 3 661 қазақстандық әйелге өз баспанасын сатып алуға көмектесті.