Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

ІІМ ата-аналар мен оқушыларға оқу жылы қарсаңында үндеу жолдады

ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен оқушыларға үндеу жолдап, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертті.

ІІМ ата-аналар мен оқушыларға оқу жылы қарсаңында үндеу жолдады
Сурет: aikyn.kz

Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға, оқушыларға және ұстаздарға арнайы үндеу жасады. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасап, Aikyn.kz хабарлады.

Оқу жылы басталғанда балалар үйден тыс жерде көбірек уақыт өткізеді. Олар мектепке өздігінен барып-қайтады, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады. Осыған байланысты ІІМ жол қозғалысы ережелерін қайта еске салады. Жаңа оқу жылына дайындық аясында барлық мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ балаларды тасымалдайтын автобустар толық тексеруден өтті. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, олар оқу жылы басталғанға дейін жойылады.

ІІМ ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Балаларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту, жолдан өткенде телефонды пайдаланбау, құлаққапты шешу және айналаға мұқият қарау қажеттігін ескертеді. Велосипед, мопед немесе электросамокат мінген кезде жолда жүру қағидаларын сақтау маңызды екені айтылады.

Ата-аналарға баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын біліп жүру және балалармен жиі сөйлесу ұсынылады. Бала қиын жағдайға тап болғанда ата-анасынан қорған табатынына сенімді болуы керек. Егер балаға қауіп төніп тұрса, ІІМ «102» нөміріне немесе «111» байланыс орталығына хабарласуға шақырады.

Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Ведомствоның атап өтуінше, ортақ міндет – қауіпті жағдайлардың алдын алып қана қоймай, балаларға қауіп-қатерді дер кезінде танып, көмек сұрауды үйрету. Полиция барша ата-ананы балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.