Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

«Әділет» партиясы сайлаудағы жеңісті жаңа кезеңнің басталуы деп санайды

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлаудағы жеңісті жаңа кезеңнің басталуы деп атап, алдағы міндеттер мен Құрылтай жұмысына тоқталды.

«Әділет» партиясы сайлаудағы жеңісті жаңа кезеңнің басталуы деп санайды
Сурет: aikyn.kz

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау науқанына қатысқан барлық белсенділерге, штаб қызметкерлеріне, сенімді өкілдерге, бақылаушыларға, заңгерлерге, сарапшыларға және еріктілерге алғыс білдірді. Ол сайлау нәтижесін азаматтардың партияға деген зор сенімі мен үлкен жауапкершілік деп бағалады.

«Бұның артында халқымыздың зор сенімі, әрқайсымыздың табанды еңбегіміз тұр. Ендігі міндетіміз – нақты іспен жауап беру. Алда бәрімізді үлкен жауапкершілік, ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтып жатырмыз. Сондықтан бүгінгі жеңіс мәреге жеткеніміздің белгісі емес, бұл – жаңа кезеңнің басталуы деп қабылдауымыз керек», — деді Айбек Дәдебай.

Сурет: aikyn.kz

Партия төрағасы алдағы бірпалаталы Құрылтай жұмысына тоқталып, Мемлекет басшысының бұл сайлауды тарихи оқиға деп атағанын еске салды. Ол Президенттің жаңа тұлғалар мен идеялардың саясатқа келуіне ерекше мән бергенін, әсіресе жастардың ел ісіне араласуына мүмкіндік беру қажеттігін айтқанын жеткізді.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай сайлануын еліміздің дамуындағы тарихи маңызы зор оқиға деп атап өтті. Жаңа бірпалаталы Құрылтай ел дамуына тың серпін беретініне үлкен үміт артатынын да айтты. Президентіміз Құрылтайға жаңа тұлғалар, жаңа идеялардың келгеніне ерекше мән берді. Әсіресе жастардың ел ісіне араласып, мемлекетімізді дамытуға тікелей атсалысуына мүмкіндік беру қажеттігін жеткізді. Бұл енді бізге артылған міндет, сондықтан осыны жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар бұл жаңа Құрылтайға да үлкен міндет пен жауапкершілікті жүктеп отыр», — деді Айбек Дәдебай.

Сурет: aikyn.kz

«Әділет» фракциясының алдында тұрған негізгі міндеттер – заңдардың сапасын арттыру, азаматтарға берілген уәделерді орындау және әрбір заңның ел дамуына қызмет етуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ өңірлермен тұрақты байланыс орнатып, азаматтардың пікірін ескеру жоспарлануда. Сайлау науқаны кезінде жиналған ұсыныстар мен өтініштер жүйеленіп, партия жұмысында пайдаланылады.

Айбек Дәдебай азаматтарға партия бастамаларының жүзеге асырылуы туралы ашық әрі тұрақты ақпарат беру қажеттігін атап өтті. Фракция жұмысы елдегі әрбір азаматтың мүддесін ескере отырып жүргізілуі тиіс.

Жиын соңында сайлауалды штаб қызметкерлері, сенімді өкілдер, бақылаушылар, сарапшылар, волонтерлер мен белсенділер алғыс хаттармен марапатталды. Сайлау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 71,17% дауыс жинады. Науқан барысында 247 сайлауалды штаб жұмыс істеп, кандидаттар мен үгіт топтары түрлі аймақтарда тұрғындармен кездесті, мобильді керуендер шалғай елді мекендерге барды. Дауыс беру күні партия бақылаушылары мен сенімді өкілдері учаскелерде жұмыс істеді.