Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Мектептерде АӘД пәні жаңа форматта оқытыла бастайды

Мектептерде алғашқы әскери дайындық пәні жаңа бағдарламамен оқытылады. Өзгерістер заңнамаға сәйкес енгізіліп, оқытушыларды даярлау жүйесі жаңарады.

Мектептерде АӘД пәні жаңа форматта оқытыла бастайды
Сурет: aikyn.kz

Еліміздің білім ошақтарында жаңа оқу жылынан бастап алғашқы әскери дайындық пәні жаңартылған бағдарламамен жүргізіледі. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.

Қазақ ұлттық спорт университетінде «Алғашқы әскери дайындықтың заманауи моделі: мазмұны, технологиялары және педагогтің кәсіби дамуы» атты іс-шара өтті. Жиынға Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ барлық өңірден келген әдіскерлер мен пән мұғалімдері қатысты.

Секцияда қатысушыларға пән мазмұнындағы негізгі өзгерістер, заңнамадағы жаңалықтар және педагогтерді даярлау жүйесіне қойылатын жаңа талаптар түсіндірілді. Бұл жаңашылдықтар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған. Олар 2025 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға енгізілген түзетулерге негізделген.

Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякинаның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап пән қайтадан «Алғашқы әскери дайындық» деп аталып, оқыту форматы түбегейлі өзгереді. Өзгерістер пәннің мазмұнына да, мұғалімдерді даярлау тәсілдеріне де әсер етеді. Енді оқытушылардың біліктілігін арттыру әскери оқу орындарында жүргізіледі, бұл олардың практикалық дайындығын күшейтеді. Сонымен қатар заңнамада педагогтердің әскери өтілі болуы қарастырылған.

Іс-шарада әдіскерлер, PhD докторлары мен профессорлар алғашқы әскери дайындықты ұйымдастырудың және әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи әдістерімен бөлісті. Жастарды әскери қызметке даярлау, педагогтердің жаңа кәсіби құзыреттерін қалыптастыру және олардың біліктілігін үздіксіз арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқу үдерісін цифрландыру басты бағыттардың бірі болды. Педагогтерге оқу материалдарын, бағалау құралдары мен ситуациялық тапсырмаларды әзірлеу кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолдары көрсетілді. «Заманауи АӘД сабағы: оқу міндетінен цифрлық сценарийге дейін» атты практикалық демонстрацияда қатысушылар тактикалық симуляторлар мен цифрлық білім беру шешімдерін қолдану мүмкіндіктерімен танысты.

Сонымен қатар АӘД сабақтарында ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар технологияларын оқыту әдістері, қосымша білім беру жүйесіндегі жастардың әскери қызметке дейінгі даярлығын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, әскери-спорттық және әскери-қолданбалы жарыстарды білім беру үдерісінде тиімді пайдалану жолдары да айтылды.

Секция соңында АӘД пәнінің үздік оқытушылары марапатталды. Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев педагогтерге Қорғаныс министрінің атынан грамоталар табыс етті.