Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматыда ағаш жапырақтары неге ерте сарғайып жатыр

Алматыда ағаш жапырақтарының мезгілінен бұрын сарғаюының себептері: аптап ыстық пен суару жүйесінің ерекшеліктері туралы басқарма мәлімдемесі.

Алматыда ағаш жапырақтары неге ерте сарғайып жатыр
Сурет: inform.kz

Алматыда жаз әлі бітпегенімен, қаладағы ағаштардың жапырақтары сарғайып, түсе бастады. Бұл құбылыс қала тұрғындарының назарын аударып, Kazinform тілшісі мәселенің себебін анықтауға тырысты.

Әдетте Алматыда жапырақтар күз ортасында ғана сарғайып, көшелер алтын түске боялатын. Алайда соңғы жылдары бұл үдеріс ерте басталып жүр. 2026 жылы да бұл құбылыс қайталанды.

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жапырақтардың мезгілінен бұрын сарғаюына бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтқанда, қаланың кейбір аудандарында ұзақ уақытқа созылған аптап ыстық жапырақтардың қурап қалуына себеп болуда. Бірнеше апта бойы жалғасқан ыстық ауа райы жасыл желекке қосымша салмақ түсіреді.

Басқарма жапырақтардың ерте кебуіне судың жетіспеушілігі себеп деген болжамды жоққа шығарды. Қалада арнайы жабдықталған 22 су алу пункті бар, онда арнайы техника сумен толтырылады. Сонымен қатар жасыл желекті суару үшін арық желілерінің суы белсенді қолданылады.

— Алматы аумағындағы жасыл желекті суару үшін түрлі су көздері пайдаланылады. Басты басымдық табиғи су ресурстарын, оның ішінде өзен суы мен арық желілерін барынша пайдалануға берілген. Бұл орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің суын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта өзен суы жасыл желекті автоматты түрде суару үшін де қолданылады. Сондай-ақ механикаландырылған суару да жүзеге асырылады. Ол үшін тәулігіне орта есеппен 3 мың м³ жуық су кетеді, — деп хабарлады ведомство.

Басқарма өкілдері соңғы үш жылда көшелерді, тротуарлар мен жасыл желекті суару үшін ауызсуды пайдалану дерегі тіркелмегенін атап өтті.