Қазақстан Орталық Азияда орман белдеулерін құруды ұсынды
Қазақстан COP17 UNCCD аясында Орталық Азияда орман белдеулерін құруды ұсынды. Вице-министр Назгүл Хатепова жерді қорғау шараларын баяндады.
Ұлан-Баторда өтіп жатқан БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптары конференциясының 17-сессиясында (COP17 UNCCD) Қазақстан делегациясы өңірлік бастама көтерді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері министрлер диалогына қатысып, жер ресурстарын қорғау мәселелерін талқылады.
Вице-министр Назгүл Хатепова сөз сөйлеп, жердің тозуына жол бермеу, топырақ құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығының климаттық тәуекелдерге төзімділігін арттыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, республикада 219 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар, оның ішінде табиғи жайылымдар да кіреді.

«Жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау және тозған аумақтарды қалпына келтіру — экологиялық қана емес, экономикалық және әлеуметтік міндет», — деді Хатепова.
Жер ресурстарын тұрақты басқару жүйесін қалыптастыру бағытында биыл «Топырақты қорғау туралы» заң қабылданды. Бұл құжат жердің жай-күйін мониторингтеуге, тозудың алдын алуға және топырақ жамылғысын қалпына келтіруге құқықтық негіз болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларын қолдану аясы кеңейтілуде — өткен жылы мұндай әдістер қолданылған алқаптар 500 мың гектардан асты.

Пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары нәтижесінде соңғы жылдары 15 млн гектар қайтарылды, оның едәуір бөлігі қайтадан айналымға енгізілді. Қазақстан өңірлік ынтымақтастыққа ерекше мән бере отырып, Конвенцияға қатысушы елдерді, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарын «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын бірлесіп іске асыруға шақырды.
Бұл бастама 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қарарында бекітілген. Ол қорғаныш орман белдеулерін құруды, тозған жерлерді қалпына келтіруді, сондай-ақ трансшекаралық шаңды және құмды дауылдардың алдын алу мен салдарын азайту бойынша күш-жігерді үйлестіруді көздейді.
COP17 UNCCD «Жерді қалпына келтіру — үмітті жаңғырту» ұранымен 2026 жылғы 17–28 тамыз аралығында өтуде. Жиынға Конвенцияға қатысушы 196 мемлекет пен Еуропалық одақтың өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық қоғам өкілдері қатысуда.




