АҚШ конгресмені Тоқаевқа Трамптың сәлемін жеткізді
АҚШ конгресмені Джейсон Смит Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы қабылдағаны үшін алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
– Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты, – деді Джейсон Смит.
Оның айтуынша, сапардың бір мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Конгрессмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейіл екендерін, бұған АҚШ Президенті айрықша мән беретінін жеткізді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.




