Бастауыш сыныптарда бағалау жүйесі жаңарады
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова бастауыш сыныптарда бағалау жүйесінің жаңа тәсілдері туралы мәлімдеді.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеді. Жаңа тәсілдер ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары мен тәжірибесі, оқу жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негізінде әзірленген.
Вице-министрдің айтуынша, критериалды бағалау жүйесі өзгеріссіз қалады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері қолданысқа енгізіледі.
«Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Тек балл қою тәсілі нақтыланады», — деді спикер.




