Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматыда сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы талқыланды

Алматыда сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы талқыланды. Бағдарлама алты стратегиялық бағыт пен 18 бастаманы қамтиды.

Алматыда сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы талқыланды
Сурет: aikyn.kz

Алматыда сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері мен бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Агенттіктің, Еуропалық Қайта құру және даму банкінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Мемлекеттік кредиттік бюроның, Қазақстан сақтандырушылары қауымдастығының, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.

Соңғы бес жылда сақтандырушылардың активтері екі есе өсіп, 3,9 трлн теңгені құрады. Олардың ІЖӨ-ге қатынасы 2,58 пайызды құрайды, бұл нарықтың өсу әлеуетін көрсетеді. Өсудің негізгі драйвері – өмірді сақтандыру компаниялары, олардың активтері шамамен үш есе ұлғайған. Жалпы сақтандыру саласында да тұрақты өсу байқалады: активтер 1,6 есе өсіп, орташа жылдық өсу қарқыны 21 пайызды құрады.

Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы сақтандыру нарығының тұрақты дамуы, халық пен бизнесті сақтандырумен қамтуды кеңейту, ұзақ мерзімді жинақтарды дамыту және ұлттық экономика тәуекелдерін басқаруда сақтандырудың рөлін арттыру міндетін қойғанын атап өтті. Бағдарлама сақтандыру секторының даму бағыттарын айқындап, оның экономикадағы рөлін арттыруға, сақтандыру аясын кеңейтуге, жаңа өнімдер мен сату арналарын дамытуға, саланы цифрландыруға және реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталады.

2021-2025 жылдар аралығында сақтандыру сыйлықақыларының көлемі екі есе өскен, ең жоғары өсу қарқыны 2023 жылдан бастап байқалады. Сыйлықақылардың негізгі өсімін қазір өмірді сақтандыру қамтамасыз етеді.

Бағдарлама алты стратегиялық бағыт пен 18 бастаманы қамтиды. Бірінші бағыт міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіруге арналған. Міндетті және жүктелген сақтандыруды бөлмейтін бірыңғай модельге көшу ұсынылады. Заң сақтандырып қорғаудың негізгі қағидаларын белгілейді, ал өлшемдер заңға тәуелді актілер деңгейінде реттеледі. Тарифтік реттеу тәуекелдер мен нарықтық жағдайлардың өзгеруін ескеруге мүмкіндік береді. Міндетті автосақтандыру және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру талаптары жақсартылады. Сондай-ақ тұрғын үйді жер сілкіністерінен, су тасқынынан және орман өрттерінен міндетті сақтандыру енгізіледі.

Екінші бағыт ерікті сақтандыруды дамытуды көздейді. Зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлерін енгізу, инвестициялау стратегиясын таңдау құқығымен өмір бойы кепілді төлемдерді есептеу ұсынылады. Ерікті медициналық сақтандыруды МӘМС-ке қосымша ретінде дамыту қарастырылады.

Үшінші бағыт сату арналарын дамытуға және тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған. Сақтандыру агенттері мен брокерлердің функциялары нақты ажыратылады: агенттер халықпен жұмыс істесе, брокерлер төлемдерді кәсіби реттейді. Делдалдардың қызметі реттеліп, олар клиенттерге өзара әрекеттесу тәртібін және комиссия мөлшерін ашуы тиіс.

Төртінші бағыт – цифрландыру және инфрақұрылымды дамыту. Электрондық шарт ерікті бұқаралық өнімдер үшін негізгі форматқа айналады. Сақтандыру маркетплейстерінің мәртебесі заңнамалық түрде бекітіледі. Бірыңғай сақтандыру дерекқоры қауіпсіз ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Орталық актуарий құру жоспарлануда.

Бесінші бағыт қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Шетелдік сақтандырушыларға нарыққа қолжетімділікті ырықтандыру, қайта сақтандырудың елдік саясатын әзірлеу ұсынылады. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қосымша өкілеттіктер алады. Пруденциялық қадағалау Solvency II және 17 ХҚЕС қағидаттарына бейімделеді.

Алтыншы бағыт жаңа бизнес-модельдерді дамытуды қарастырады. ШОБ үшін арнайы өнімдер құру, исламдық сақтандыруды дамыту және «исламдық терезелер» тетігін енгізу көзделеді. Бағдарламаның негізгі бастамалары жыл соңына дейін сақтандыру нарығы туралы жаңа Заң жобасында көрініс табады.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бастамаларды іске асыру тұтынушыларға сақтандыру өнімдерінің таңдауын кеңейтеді, цифрлық сервистер арқылы қолжетімділікті арттырады және полисті рәсімдеу уақытын қысқартады. Сақтандырушыларға қойылатын талаптарды күшейту олардың сенімділігін арттырады. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар нарықты дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірледі.