Сәтбаев университеті мен Diatomite Таразда инновациялық өндіріс ашады
Сәтбаев университеті, Diatomite компаниясы және инвестор Таразда инновациялық құрылыс материалдарын өндіру жобасы бойынша меморандумға қол қойды.
Сәтбаев университеті, «Diatomite» өндірістік компаниясы және жоба инвесторы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат университетте әзірленген ғылыми-технологиялық шешімдерді өнеркәсіптік деңгейге шығаруды және оларды өңірлік өндірісте қолдануды көздейді.
Жоба аясында Жамбыл облысының Тараз қаласында Diatomite брендімен инновациялық құрылыс материалдарын, оның ішінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт іске қосылмақ. Тараптар өндірістік алаңды анықтау, шикізат базасы мен инженерлік инфрақұрылымды бағалау, өндірістік қуатты белгілеу, бизнес-модель мен жол картасын әзірлеу және іске қосу кезеңдерін айқындау бойынша жұмыс жүргізеді.
Серіктестікке қатысушылардың әрқайсысы өз құзыретіне сай үлес қосады. Сәтбаев университеті ғылыми-техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, ғалымдар әзірлеген технологиялық шешімдерді ұсынады. «Diatomite» компаниясы өндірістік ноу-хау, технологиялық регламенттер, мамандарды оқыту және өнім сапасын бақылауға жауапты. Инвестор жобаның инвестициялық, өндірістік және инфрақұрылымдық бөлігін қамтамасыз етеді.

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев ғылыми әзірлемелердің нақты экономикаға енгізілуі заманауи университеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, ғылым нәтижесі зертханада немесе жарияланымдарда қалып қоймай, нақты технологияға, өндіріске және қоғамға қажетті өнімге айналуы тиіс.
Университет басшылығы бұл жобаны ғылым мен өндіріс байланысын нығайтатын маңызды бастама деп санайды. Студенттер мен жас ғалымдар үшін бұл – зерттеулерін нақты өндірістік міндеттермен байланыстыруға мүмкіндік беретін мотивациялық фактор.
«Ғылымнан өндіріске» қағидаты университеттің ғылыми-технологиялық дамуының негізгі бағыттарының біріне айналды. Жоба өңірде жаңа өндірістік мүмкіндіктер қалыптастырып, отандық құрылыс материалдарының үлесін арттыруға және білікті мамандарға жаңа кәсіби перспективалар ашуға бағытталған.


