Тоқаев халықаралық жарыста топ жарған ұстаздарды мемлекеттік наградамен марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы үздік жетістіктері үшін бірқатар ұстазды «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат»…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласында ерекше көзге түскен ұстаздар мен тәлімгерлерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.

Президенттің Жарлығымен білім беру саласындағы үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагог марапатталды.

«Құрмет» ордені Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжехановаға және Алматы қаласындағы №134 лицей мұғалімі Ирина Нестеренкоға берілді.

«Ерен еңбегі үшін» медалі «Edlight Academy» әдіскері Жанболат Жолгелдиевке, Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаеваға, «Haileybury Almaty» мектебінің мұғалімі Владимир Жукке және Өскемен қаласы Білім-инновация лицейінің мұғалімі Айгүл Сейітдәулетке табысталды.
«Шапағат» медалі Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқынға, Талдықорған қаласындағы №24 лицей мұғалімі Меруерт Абаеваға, Павлодар қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Олжас Әмзеевке және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышевке берілді.




