Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты жаңа ғимаратқа көшті

Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты жаңа ғимаратқа көшті. Мұрағат қорында 27 миллион құжат сақтаулы, оның 128 мыңнан астамы цифрландырылған.

Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты жаңа ғимаратқа көшті
Сурет: aikyn.kz

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының жаңа ғимаратының салтанатты ашылуына қатысты.

1997 жылы құрылған Орталық мұрағат келер жылы 30 жылдығын атап өтеді. Қазіргі таңда мұрағат қорында шамамен 27 миллион құжат сақтаулы, оның 128 мыңнан астамы цифрландырылған.

Мұрағат қорларында әскери бөлімдер мен құрамалардың қызметі, әскери білім беру жүйесі, әскерлерді басқару және әскери қызмет өткеру туралы құжаттар жинақталған. Бұл құжаттар Қазақ КСР кезеңінен бастап қазіргі қазақ әскерінің қалыптасуына дейінгі Қарулы Күштердің даму жолын зерттеуге мүмкіндік береді.

– Әскери-тарихи мұраны сақтау – бүгінгі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Әрбір құжат әскер мен ел тарихының бір бөлігі. Мұндай заманауи жағдайлар тарихи құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, оларға болашақта да қолжетімді болуға мүмкіндік береді, – деді Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Жаңа ғимарат миллиондаған құжаттан тұратын мұрағат қорын жүйелеу және ұзақмерзімді сақтау үшін қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұрағат құжаттары әскери қызметшілер, тарихшылар, зерттеушілер, сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін маңызды дереккөз болып саналады.

Жаңа ғимараттың ашылуы Орталық мұрағаттың 30 жылдығы қарсаңындағы маңызды кезең болды. Бұл ел Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуын көрсететін құжаттық мұраны сақтауға жаңа мүмкіндік берді.