VI көшпенділер ойындарына билет бағасы жарияланды
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билет бағасы белгіленді: мәдени шараларға 500 сом, жабылу салтанатына 500-4000 сом, көкпар финалына 1000 сом.
2026 жылғы 1-6 қыркүйекте Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының шараларына билет құны белгіленді. Бұл туралы Кабар агенттігі хабарлады.
Ойындар барысында көрермендерге ақылы және тегін іс-шаралар ұсынылады. Қырчын шатқалындағы мәдени-спорттық шаралар мен Құрманжан Датқа атындағы Көшпенділер өркениеті орталығына кіру тегін болады.
Ш.Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында, «Дордой Номад» амфитеатрында және Чолпон-Ата қаласының ипподромында өтетін мәдени шараларға билет 500 сом (шамамен 2 632 теңге) тұрады.
Жабылу салтанатына билеттер орын санатына қарай сатылады: орталық жасыл сектор — 4 000 сом (шамамен 21 000 теңге), ақ сектор — 3 000 сом (шамамен 15 750 теңге), қызыл сектор — 2 000 сом (шамамен 10 500 теңге), сары сектор — 1 000 сом (шамамен 5 250 теңге), көк сектор — 500 сом (шамамен 2 625 теңге).
Сонымен қатар Чолпон-Ата ипподромына жақын орналасқан жаңа Кіші аренада өтетін көкпар мен көк-бөрі финалдық ойындарына билет 1 000 сом (шамамен 5 250 теңге) болады.
Ақылы шараларға билеттерді NEBS.GOV.KG ұлттық электронды билет жүйесі арқылы онлайн немесе ресми кассалардан офлайн сатып алуға болады.
Бұған дейін Моңғолиядан 135 спортшы мен жаттықтырушы қатысатыны, ал ойындардың талисманы ілбіс Батай екені хабарланған. Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, көк бөрі мен көкпар жеке-жеке спорттық дисциплина ретінде өткізіледі. Сондай-ақ көрермендерді 300 автобус тегін жеткізетіні айтылды.




