Орталық Қазақстанда Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны туды
Орталық Қазақстандағы «Алтын Дала» резерватында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді. Бұл — реинтродукция бағдарламасы аясындағы алғашқы төл.
2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватындағы «Әліби» реинтродукциялау орталығында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бұл — халықаралық реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанға әкелінген жылқылардан алынған алғашқы төл.

Еркек құлын туғаннан кейін көп ұзамай өздігінен аяғына тұрып, енесінің соңынан еріп, сүтін еме бастаған. Мамандардың бақылауынша, екеуінің де жағдайы жақсы.

Құлынның енесі — 2024 жылы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға жеткізілген жеті жасар Тесса. Бұл — оның алғашқы төлі.
— Алғашқы құлынның дүниеге келуі жануарлардың Қазақстан даласының табиғи жағдайларына сәтті бейімделіп жатқанын көрсететін маңызды нәтиже. Бағдарламаның түпкі мақсаты — табиғи ортада өздігінен көбейе алатын Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыру, — делінген хабарламада.
Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. 2024 жылы 7, 2025 жылы тағы 7, ал 2026 жылы 8 жылқы жеткізілді. 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.




