Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қызылорда облысында газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті

Қызылорда облысында газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті
Сурет: aikyn.kz

Қызылорда облысында халықтың 83 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады. Көгілдір отынның келуі тұрғындарды көмір жағудан босатып, өңірді газдандыру деңгейін 85 пайызға жеткізу міндеті қойылған.

Алайда 83 пайыздық көрсеткішке қарамастан, облыстағы 222 елді мекеннің тек 57-сі ғана газдандырылған. Бұл жұмыстар елдің 2030 жылға арналған бас схемасы мен өңірдің егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта 4 қала мен 57 елді мекен табиғи газға қосылған.

Басқарма бөлім басшысы Ислам Бектұрғановтың айтуынша, 2026 жылы 14 жобаға 4,7 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін тағы 9 елді мекенді газға қосу жоспарланған. Сонымен қатар республикалық бюджеттен қаржыландыруға жаңа жобалар ұсынылуда. Жаңақорған ауданындағы 6 елді мекенді QazaqGaz Aimaq инвестициялық бағдарламасы аясында газдандыру көзделген.

2026 жылы іске асырылатын 14 жобаның екеуі өтпелі, 12-сі жаңа. Соның бірі – Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылы, оған 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Жыл соңына дейін Арал ауданындағы Қамыстыбас, Қазалы ауданындағы Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Түктібаев, Майдакөл, Қармақшы ауданындағы Төребай би мен Иіркөл, Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл мен Шіркейлі ауылдары газға қосылады. Бұл жұмыстар орындалса, халықты газбен қамту 85 пайызға жетпек.

Газдандырудың алғашқы кезеңінде ірі елді мекендер мен аудан орталықтарына басымдық берілген. Енді шалғайдағы шағын ауылдарды қосу міндеті тұр. 2026-2027 жылдары Қожакент, 2027-2028 жылдары Ақжол, Ақсуат және Өзгент, 2029-2030 жылдары Әбдіғаппар мен Жаңарық ауылдары газдандырылмақ. Қожакентте жұмыстар басталып кеткен.

Облыста 2035 жылға дейінгі жаңа жоспар әзірленуде. Құжатқа 107 елді мекенді газға қосу ұсынысы енгізілген. Бұл межеде газдандырылатын елді мекендер саны 166-ға жуықтайды. Қалған 56 елді мекен шалғай орналасқандықтан екінші кезеңге қалдырылған. Олар бойынша ұсыныстар бар, бірақ қаржыландыру тетігі әлі айқындалмаған.

Ислам Бектұрғановтың айтуынша, Энергетика министрлігімен Жол картасы әзірленуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға дейін республика бойынша газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Облыс тарапынан 107 елді мекенді қамтитын ұсыныстар берілген. Қалған 56 елді мекен екінші кезеңде газдандырылады. АГРС станцияларының көбеюі газдандыру ауқымын кеңейтеді. Қазір Тартоғайда, Ақсуатта және Бесарықта АГРС жұмыс істеп тұр.

Қызылорда облысының газдандыру картасы алдағы жылдары елеулі өзгерістерге ұшырайды. 2035 жылға дейінгі меже тек газға қосылатын елді мекендер санымен ғана емес, шалғайдағы тұрғындардың да көгілдір отынға қол жеткізу мүмкіндігімен өлшенбек.