Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау қағидалары жаңартылды

Қазақстанда «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша шағын бизнесті субсидиялау қағидалары өзгерді. Жаңа талаптар 2026 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.

Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау қағидалары жаңартылды
Сурет: inform.kz

Қазақстанда «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында шағын бизнеске сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тәртібі өзгерді. Жаңа қағидалар Үкіметтің 2026 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен бекітілді.

Енді субсидияға экономикалық қызметтің басым бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқан немесе жоспарлаған кәсіпкерлер өтінім бере алады. Бұл ретте жобаның іске асырылатын жері мен кәсіпкердің тіркелген жері ескеріледі.

Өңірлер мен аудандарда басым салалар тізіміне экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша алты кодтан артық енгізуге болмайды. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеу қойылмайды, олардың жобалары тиісті тізілімде көрсетілген қызмет түрлері бойынша субсидияланады.

Инвестициялық жобаларға қойылатын талаптар нақтыланды. Субсидия инвестиция салуға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жаңа қаржы құралдары бойынша беріледі. Инвестициялық шығындарға негізгі құралдарды, оның ішінде коммерциялық жылжымайтын мүлік, жабдық, техника, көлік, биологиялық, материалдық және материалдық емес активтерді сатып алу, сондай-ақ нысандарды салу, жаңғырту, реконструкциялау және күрделі жөндеу шығындары кіреді.

Инвестициялық жобалар аясында негізгі құралдар, жабдық, техника, көлік, құрылыс материалдары және басқа да активтер тиісті тізілімге енген қазақстандық өндірушілерден сатып алынуға тиіс. Егер тізілімде қажетті тауарды өндіретін отандық компания болмаса, кәсіпкер оны басқа өндірушілерден сатып ала алады.

Жобалардың тиімділігін бағалау кезінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері, салық декларациясындағы мәліметтер, сондай-ақ бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан алынған үзінді көшірме пайдаланылады. Егер кәсіпкер белгіленген тиімділік көрсеткіштерін орындай алмаса, оған бір қаржы жылынан аспайтын қосымша мерзім берілуі мүмкін. Бұл жабдықты жеткізу немесе іске қосу кешіккенде, рұқсат құжаттарын алу не инженерлік инфрақұрылымға қосылу созылған жағдайда ғана мүмкін, әрі кешігудің себептері кәсіпкерге байланысты болмауы тиіс.

Инвестициялық жобаларды субсидиялау мерзімі субсидиялау басталған күннен бастап 18 айдан аспайды. Форс-мажор жағдайында, заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілсе немесе күтпеген техникалық, экономикалық және өндірістік жағдайлар туындаса, қосымша алты айға дейін мерзім берілуі мүмкін.

Субсидия номиналды мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне төрт пайыздық тармақ қосылған деңгейден аспайтын қаржы құралдары бойынша беріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер үшін субсидия мөлшері номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50%-ын құрайды, қалған бөлігін кәсіпкер өзі төлейді.

Бағдарламаға қатысатын лизингтік компанияларға қойылатын талаптар да белгіленді. Олардың соңғы есепті кезеңдегі қаржылық есептілікпен расталған меншікті капиталы кемінде 1 млрд теңге болуы, сондай-ақ өтінім бергенге дейін негізгі қызметін кемінде бір жыл жүргізуі тиіс.

Субсидия алу үшін кәсіпкер қаржы институтына өтініш береді. Қаржы институты жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігін бағалап, оң шешім қабылдағаннан кейін құжаттар қаржы агенттігінің филиалдарына қарауға жіберіледі. Қарау қорытындысы бойынша субсидия беру, одан бас тарту немесе жобаны пысықтауға жіберу туралы шешім қабылданады.

Қаулы 2026 жылғы 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.