Қазақстан халықаралық білім рейтингтерінде көш бастап тұр
Қазақстан халықаралық білім рейтингтерінде алға жылжып, Адами даму индексінде 60-орынға көтерілді. Білімге жұмсалатын шығыстар ЖІӨ-нің 4,9%-ына жетті.
Астанада өткен «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне дейін» атты National Think Tank Forum-да «А. Байтұрсынұлы атындағы Талдау» ұлттық білім беру зерттеулері және бағалау орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Гүлжайна Елеусинова елдің халықаралық рейтингтердегі позицияларының жақсарғанын мәлімдеді.
БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы Адами даму индексінде Қазақстан адами даму деңгейі өте жоғары елдер тобына еніп, 193 мемлекет арасында 67-орыннан 60-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ең жоғары болып отыр.
2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде «Білім беру» индикаторы бойынша Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жетекші орынға ие. Білім беруге жұмсалатын шығыстар ЖІӨ-нің 4,9%-ына дейін өсті, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,2% болған еді.
Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де оң динамика байқалады. 2026 жылы Қазақстан «Білім беру» субфакторы бойынша 36-орынға көтерілді, ал 2021 жылы 45-орында болған. Таланттар үшін тартымдылық рейтингінде ел 37-орыннан 34-орынға жоғарылады.
Гүлжайна Елеусинованың айтуынша, бұл өзгерістер білім беру жүйесіндегі ауқымды реформалардың нәтижесі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдары жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Бұл 43 үш ауысымды және 8 апатты мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Жаңа мектептердің 40%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 638 жалпы білім беретін мектеп салынды. Тек 2025 жылы 250 жаңа мектеп пайдалануға берілді – бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп.
Педагогтерді қолдау шаралары да күшейтілді. 2019–2025 жылдар аралығында мектеп мұғалімдерінің жалақысы 2,5 есе өсті. Мектепке дейінгі білім беру саласында жалақы 3,3 есе, ал колледж оқытушыларының еңбекақысы екі есе артты.
Оқушылардың халықаралық зияткерлік жарыстардағы нәтижелері де жақсарды. 2023–2025 жылдары жеңіп алынған жүлделер саны 2,4 есе өсіп, 170-тен 416-ға жетті, ал алтын медальдар саны төрт еседен астам артты. Тек 2026 жылдың жазында қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика, информатика және жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаларда 31 медаль жеңіп алды.
Гүлжайна Елеусинова білім беру жүйесін одан әрі дамыту білім сапасын арттыруға және балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.




