Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Evergrande негізін қалаушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Evergrande негізін қалаушы Хуэй Ка Ян өмір бойына бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сот оның компанияларына 15,82 млрд юань айыппұл салды.

Evergrande негізін қалаушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Сурет: baq.kz

Қытайдың ірі құрылыс компаниясы Evergrande Group-тың негізін қалаушы Хуэй Ка Ян өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жеке мүлкі тәркіленді. Бұл туралы Шэньчжэнь қаласының аралық халық соты хабарлады.

Сот үкіміне сәйкес, Хуэй Ка Ян компания активтерін жымқыру және корпоративтік парақорлық сияқты айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Ол сәуір айында өз кінәсін мойындаған.

Сот оның бұрынғы компанияларына құжаттарды бұрмалау, қарыз көлемін жасыру және басқа да заң бұзушылықтар үшін жалпы 15,82 млрд юань (шамамен 2,35 млрд доллар) айыппұл салды. Сот Evergrande негізін қалаушы мен оның компаниялары Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығына елеулі нұқсан келтіріп, айтарлықтай экономикалық шығын әкелгенін атап өтті.

Қытай мемлекеттік БАҚ-тарының мәліметінше, Evergrande-дің басқа да бұрынғы басшылары, соның ішінде Хуэйдің екі ұлы да 22 айдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Хуэй Ка Ян Evergrande компаниясын 1996 жылы құрған. Қарыз қаражаты есебінен қарқынды дамыған компания кейін Қытайдағы ең ірі құрылыс салушылардың біріне айналып, нарықтық құны бір кезеңде 50 млрд доллардан асқан. Хуэйдің өзі кезінде Азиядағы ең бай адамдардың бірі саналған.

2020 жылы Қытай билігі құрылыс компанияларының қарызын шектеуге бағытталған шаралар енгізгеннен кейін Evergrande қаржылық қиындықтарға тап болды. Компания 2021 жылы қарыз міндеттемелерін орындай алмай, дағдарысқа ұшырады.

Тергеу барысында Evergrande тұрғын үй сатып алушылардан алдын ала төлем ретінде алынған қаражаттың бір бөлігін тиісті құрылысқа емес, басқа жобаларға бағыттағаны анықталған. Соның салдарынан жүздеген құрылыс нысаны аяқталмай қалған.

2024 жылы Хуэй Ка Янға компания кірісін 78 млрд долларға асыра көрсеткені үшін 6,5 млн доллар көлемінде айыппұл салынып, Қытайдың капитал нарығында қызмет етуіне өмір бойына тыйым салынған.

Evergrande акцияларының құны шарықтау шегінен шамамен 99%-ға құлдырап, 2025 жылғы тамызда компания Гонконг қор биржасының листингінен шығарылды. Компанияның күйреуі Қытайдың жылжымайтын мүлік секторындағы ұзаққа созылған дағдарыстың ең ірі оқиғаларының біріне айналды.