Ұлан әскери қызметшісі балық аулап жүрген балаға көмектесті
Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Дамир Қарсыбай балық аулау кезінде қолына қармақ ілгегі кірген балаға алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыртты.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Дамир Қарсыбай патрульдік-бекеттік қызмет атқару кезінде көмекке мұқтаж баланы байқап қалды.
Бала балық аулау барысында қолына қармақтың ілгегін кіргізіп алған. Әскери қызметші оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыртты.

Ұландықтың сауатты әрі уақтылы әрекетінің арқасында балаға қажетті ем-дом жылдам жасалды. Кейін оқиға орнына жеткен анасы ұлына көрсетілген көмек пен көрсеткен қамқорлығы үшін әскери қызметшілерге алғысын білдірді.
Бұл жағдай әскери қызметшінің өз міндетіне адалдығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі саналады.




