Арыстағы әскери бөлімде өрт: оқ-дәрі фрагменті жарылды
Арыстағы әскери бөлімде құрғақ шөп тұтанып, оқ-дәрі фрагменті жарылды. Зардап шеккендер жоқ, өрт толық өшірілді. Ресми ақпарат.
Түркістан облысының Арыс қаласында жарылыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Жергілікті тұрғындар әскери бөлімнен қатты дыбыс естілгенін, ал жарияланған кадрларда өрт көрінгенін хабарлады.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Хабарламада 2026 жылғы 19 тамызда сағат 19:00 шамасында Арыс гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің техникалық аумағында құрғақ шөп тұтанғаны айтылған.
Өрт кезінде жоюға алдын ала дайындалған оқ-дәрі фрагментінің дүмпу дауысы естілген. Зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ. Жағдай бақылауда, өрт толықтай өшірілді, оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр.
Ведомство азаматтарды әлеуметтік желілерде тараған расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Бұған дейін Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасының жарылысы Қазақстан тарихындағы ірі техногендік апаттардың біріне айналғаны туралы хабарланған еді.




