QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026: Астанада гуманоидты роботтар форумы өтті
Астанада QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 өтті. Гуманоидты роботтар, Embodied AI және Robotics & AI шешімдері талқыланды. AgiBot роботтары көрсетілді.
Астанадағы alem.ai алаңында QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 форумы өтті. Іс-шара гуманоидты робототехниканы, Embodied AI және Robotics & AI шешімдерін Қазақстан экономикасында қолдануға арналды.
Форумды QAZBOT Technologies компаниясы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Astana Hub қолдауымен ұйымдастырды. Негізгі халықаралық қатысушы – гуманоидты роботтар өндіруші әлемдік көшбасшы AgiBot компаниясы болды.

Жиынға мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың, ірі бизнес өкілдерінің және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Талқыланған негізгі тақырыптар: отандық құзыреттерді дамыту, технологияларды жергіліктендіру, инженерлік кадрлар даярлау және робототехниканы экономиканың түрлі секторларына енгізу.
Көрсетілім барысында AgiBot гуманоидты роботтарының мүмкіндіктері іс жүзінде көрсетілді. Роботтар адаммен өзара әрекеттесу, қозғалыстарды үйлестіру және күрделі әрекеттерді орындау қабілетін, соның ішінде «Қара жорға» биін және жекпе-жек элементтерін көрсетті.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов атап өткендей, Мемлекет басшысының Шанхайға сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары технологиялар ынтымақтастығына серпін берді. QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 – қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты нәтижесі. «Біз үшін жетекші технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылдың нақты жобаларға – шешімдерді жергіліктендіру, инженерлік кадрлар даярлау және робототехниканы экономиканың негізгі салаларына енгізуге ұласуы маңызды», – деді ол.
QAZBOT Technologies бас атқарушы директоры Владислав Сафаров Қазақстанда робототехниканың дамуы дайын шешімдерді импорттаумен шектелмеуі керектігін айтты. «QAZBOT толыққанды технологиялық циклді – R&D, бағдарламалық қамтамасыз ету мен AI-модельдерін әзірлеуден жергіліктендірілген өндіріске, инженерлер даярлауға және роботтарды нақты процестерге енгізуге дейін қалыптастырып жатыр. Мақсатымыз – Қазақстанда Robotics & AI саласында өзіндік өндірістік және инженерлік база құру», – деді Сафаров.

Форум қарсаңында, 18 тамызда, Астанада Қазақстандағы алғашқы QAZBOT Robotics & AI кешенінің құрылысы басталды. Кешен R&D, бағдарламалық қамтамасыз ету мен AI-модельдерін әзірлеу, робототехникалық жүйелерді тестілеу, бейімдеу және жергілікті өндіріс бағыттарын біріктіреді.
Іскерлік бағдарламаның басты бөлігі – «AI & Robotics: болашақ экономикасын қалыптастыру» пленарлық сессиясы. QAZBOT Technologies, AgiBot және халықаралық технологиялық қоғамдастық өкілдері Embodied AI мақсаттарын және роботтарды өнеркәсіпте, логистикада, қаржы секторында, денсаулық сақтау, әлеуметтік, қызмет көрсету салаларында және қалалық инфрақұрылымда қолдану жағдайларын талқылады.

B2B кездесулерде QAZBOT Technologies және AgiBot өкілдері қазақстандық компаниялармен нақты салалардың міндеттері мен бастапқы жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін қарастырды. Форум аясында технологиялар, білім беру және халықаралық ынтымақтастық салаларында бірқатар стратегиялық келісімдерге қол қойылды.
QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 заманауи робототехниканың мүмкіндіктерімен танысудан Қазақстанда оларды практикалық қолдануға бағытталған нақты жобалар, серіктестіктер мен шешімдерге көшудің басталғанын көрсетті.




