Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

РЭБӘИИ түлектері әуе қорғанысы әскерлеріне жолдама алды

РЭБӘИИ түлектері әуе қорғанысы әскерлеріне жолдама алды
Сурет: aikyn.kz

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу орталығында үш айлық даярлық курсын аяқтаған мерзімді әскери қызметшілердің оқу бітіру салтанаты өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап, Aikyn.kz хабарлады.

Түлектер алдағы уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімдерінде қызметін жалғастырады.

Рәсімде сөз алған институт бастығының орынбасары, полковник Жолшыбек Нұрлыбеков курсанттарды құттықтап, оларға табыс пен Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруды тіледі.

Үш ай бойы әскери қызметшілер жауынгерлік, арнайы және техникалық пәндер бойынша теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Курс соңында олар сынақтар тапсырып, таңдаған мамандықтарын меңгергенін растады. Үздік нәтиже көрсеткендерге институт басшылығы атынан алғысхаттар табысталды.

Даярлықтан радиотехникалық әскерлер мен арнайы байланыс мамандары, радиолокациялық станциялар мен зениттік-зымырандық кешендердің операторлары, сондай-ақ дизельші-электриктер өтті. Биылғы оқу бағдарламасына ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару курсы қосылды.

Мерзімді әскери қызметші Едіге Есімхановтың айтуынша, ол С-300 зениттік-зымырандық кешені бойынша мамандықты игерген. «Үш ай ішінде көптеген жаңа білім алып, практикалық дағдыларды меңгердік. Алған біліміміз еліміздің әуе шебін қорғауда қажет болады деп сенемін», – деді ол.

Биылғы түлектермен қоса, оқу орталығы мерзімді және келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер қатарынан 300-ге жуық кіші маман даярлады.