Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +18° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

«ҚазАвтоЖол» мердігерлерді алаяқтардан сақтандырды

«ҚазАвтоЖол» мердігерлерді алаяқтардан сақтандырды
Сурет: inform.kz

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мердігерлер мен өнім берушілерді жол жобаларын алуға ақшалай сыйақы үшін «көмектесеміз» деп уәде беретін үшінші тұлғаларға сенбеуге шақырды. Бұл туралы компанияның ресми хабарламасында айтылған.

Белгісіз адамдар мердігер ұйымдардың өкілдеріне хабарласып, өздерін делдал ретінде таныстырады. Олар ұлттық компаниядағы «байланыстарын» пайдаланып, жұмыстарды бөлуге немесе сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне әсер ете алатындарын айтады. Кездесулер кезінде алдын ала төлем талап етіп, бұл әрекеттер компания басшылығымен келісілген деп сендіруге тырысады.

Телефон қоңыраулары мен делдалдар арқылы байланысудан бөлек, бөгде адамдардың «ҚазАвтоЖол» орталық кеңсесіне тікелей келіп, жол жобаларына қатысты «мәселелерді шешіп беруді» ұсынған жағдайлар да тіркелген. Компанияның қауіпсіздік қызметі бұл оқиғаны анықтап, тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына жолдады. Осындай әрекеттердің алдын алу үшін аталған тұлғалар қатысқан бейнематериал да қосымша жарияланатын болады.

Компания ресми түрде бұл тұлғалардың оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Басшылық пен қызметкерлерге үшінші тұлғаларға келіссөз жүргізуге, жол жобаларын алып беруге уәде етуге, өнім берушілердің мүддесін ілгерілетуге немесе тендер нәтижелеріне ықпал етуге ешқандай өкілеттік берілмеген.

Барлық сатып алу рәсімдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Конкурстар, оларға қатысу талаптары, өтінім беру мерзімдері және сатып алу қорытындылары туралы ақпарат мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады.

«ҚазАвтоЖол» мұндай әрекеттерде алаяқтық, заңсыз делдалдық және нарық қатысушыларын сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту секілді қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін екенін ескертті.

Компанияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, алаяқтық схемаларды анықтау және сатып алу рәсімдерін заңсыз араласудан қорғау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

– Егер сізге жол жобаларын немесе жұмыс көлемдерін ақшалай сыйақы үшін алып беру, «көмектесу», «мәселені шешу», мүддені ілгерілету немесе тендер нәтижесіне ықпал ету туралы ұсыныс түссе, бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ комплаенс-қызметіне дереу хабарлауды сұраймыз: Жедел желі: +7 (7172) 64-87-35. Байланыс орталығы: 1403, — делінген хабарламада.