ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы бірлескен симпозиум өткізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы бірлескен халықаралық симпозиум өткізді. ЖИ технологиялары мен инновациялар талқыланды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жасанды интеллект пен интеллектуалды есептеу саласындағы халықаралық симпозиум өтті. Шара «Қытай-Қазақстан интеллектуалды есептеу және жасанды интеллект инновациялары» тақырыбына арналды.
ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы (CCF) бірлесіп ұйымдастырған жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, IT-мамандар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Симпозиумның ашылуында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бұл іс-шараның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға бағытталған стратегиялық тапсырмасын іске асырудағы рөлін атап өтті.
«ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді. Өткен жылы делегациямыз Харбин қаласындағы Ұлттық компьютер конгресіне қатысса, биыл сәуір айында университет базасында Қытай компьютер федерациясының Алматыдағы өкілдігі ресми түрде ашылды. Бүгінгі симпозиум осы жемісті әріптестіктің заңды жалғасы», – деді ректор.
Өз кезегінде CCF төрағасының орынбасары Хай Цзинь екі елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, ЖИ технологияларын дамытуда бірлескен зерттеулер жүргізу мен жас ғалымдарды даярлаудың маңыздылығын айтты.
Сарапшылар ЖИ саласындағы соңғы ғылыми әзірлемелер мен тәжірибелік жобаларды таныстырып, олардың экономика мен қоғам дамуына ықпалын талқылады. Үлкен тілдік модельдер (LLM), агенттік жүйелер және ЖИ-ді медицина мен ауыл шаруашылығында қолданудың нақты жолдары кеңінен қарастырылды.
Симпозиум сарапшылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел мен арнайы секциялық семинарлармен жалғасты.




