Президентке ТЖМ жұмысының нәтижелері баяндалды: 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті қабылдады. Кездесуде ведомствоның атқарған жұмысы, азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғырту барысы және алдағы жоспарлар талқыланды.
Президентке ТЖМ материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары таныстырылды. Соңғы екі жылда бөлімшелер 1,4 мыңнан астам техникамен, авиациямен, заманауи құтқару жабдықтарымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және байланыс құралдарымен толықтырылды. Бұл барлық өңірлердің төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттырды.
Шыңғыс Әрінов бөлімшелер желісін дамыту бағытында жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиация және теңіз жасақтары құрылғанын айтты. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынып, олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Халықты шұғыл хабардар ету жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып, Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктері кеңейтілуде. Сондай-ақ табиғи өртті ерте анықтау жүйелері біріктірілуде.
Кездесуде құтқарушыларды әлеуметтік қолдау мәселелері де қаралды. ТЖМ қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері қарастырылып, арнайы тұрғын үй кластерін құру жобасы қолға алынды. Бұл өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларының жанында қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешендерін салуды көздейді.
Президент министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру жұмысын оң бағалап, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды жалғастыруды, заманауи технологиялар енгізуді және өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеруді тапсырды.




