Қазақстанда органикалық тыңайтқыштарға жаңа стандарт енгізіледі
Қазақстанда органикалық тыңайтқыштарға жаңа ұлттық стандарт енгізіледі. Құжат өнім сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қазақстанда «Органикалық тыңайтқыштар. Өнеркәсіптік өндіріске қойылатын жалпы техникалық талаптар» атты жаңа ұлттық стандарт қолданысқа енеді. Бұл құжат отандық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, органикалық егіншіліктің дамуына серпін беруге тиіс.
Жаңа стандарт органикалық тыңайтқыш өндірушілерге бірыңғай талаптар белгілейді. Ол ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді қайта өңдеуге және өнім сапасын жақсартуға бағытталған. Құжатта мал қиы, құс саңғырығы, компост, биогумус сияқты шикізаттарды өнеркәсіптік өңдеу тәртібі нақты регламенттелген.
Сонымен қатар биогаз қондырғыларынан алынатын дигестатты қайта өңдеуге ерекше талаптар қойылған. Аэробты және вермикомпосттау, метантенктерде анаэробты ферменттеу, кептіру және түйіршіктеу процестеріне технологиялық нормалар белгіленген. Бұл кәсіпорындарға өндірістік қуаттарды тиімді пайдаланып, халықаралық талаптарға сай сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздікке қойылатын талап күшейеді
Стандарттың басты бағыттарының бірі — дайын өнімнің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Органикалық тыңайтқыштарда патогенді микроорганизмдердің, оның ішінде сальмонеллалар мен гельминт жұмыртқаларының болуына жол берілмейді.
Қорғасын, кадмий, сынап және күшәлә секілді ауыр металдардың шекті рұқсат етілген концентрациялары, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік талаптары гигиеналық нормативтерге сәйкестендірілген. Өндірістік алаңдарды, биореакторлар мен желдету жүйелерін жабдықтау, қоршаған ортаның ластануын болдырмау талаптары да қамтылған.
Құжатта органикалық тыңайтқыштарды өлшеп-орау, таңбалау, тасымалдау және сақтау тәртібі де айқындалған. Жаңа стандарт «Тыңайтқыштардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінің, экологиялық, өрт және санитариялық-гигиеналық қауіпсіздік нормаларының талаптарын іске асыру үшін әзірленген.
Осылайша, жаңа ұлттық стандарт органикалық қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеуді жүйелеп, Қазақстанда қауіпсіз әрі сапалы отандық органикалық тыңайтқыш өндірісін дамытуға негіз қалайды.




