Олжас Бектенов жаңа оқу жылына дайындықты талқылады
Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық қаралып, Премьер-министр Олжас Бектенов білім мен тәрбие мәселелеріне тоқталды.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселелері қарастырылды.
Премьер-министр жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары негізгі қағидаттар ретінде бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, білім мен адам капиталын дамытуға ерекше мән берілуде.
«Ата заңымызда айқындалған қағидаттар оқыту сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесінен нақты көрініс тауып, әр балаға бірдей мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, Премьер-министр Мемлекет басшысының балалар мен жастардың бойында құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, «Заң мен тәртіп» қағидатының сақталуына баса назар аударатынын жеткізді.
«Жалпы алғанда, тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына негізделуге тиіс. Оның аясында экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға қамқорлық сияқты өмірлік ұстанымдарды орнықтыруға назар аудару керек. Бұл істе мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы маңызды. Әрбір тәрбие шарасы нақты нәтиже беруі қажет», — деп түйіндеді Олжас Бектенов.




