Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматыда ескі көліктерді жаңасына ауыстыру бағдарламасы әзірленуде

Алматыда ескі көліктерді жаңасына ауыстыру бағдарламасы әзірленуде
Сурет: baq.kz

Алматыда экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерді жаңасына ауыстыруға арналған өңірлік бағдарлама дайындалып жатыр. Бұл туралы «Алматы қаласы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ BAQ.KZ-тің ресми сауалына жауап берді.

Мекеменің мәліметінше, 2026-2028 жылдарға арналған автокөліктерді кәдеге жарату жөніндегі өңірлік бағдарламаның жобасы әзірленген. Алайда бастама әзірге дайындық кезеңінде тұр, сондықтан оны іске қосу мерзімі нақтыланбаған.

Жауапта бағдарламаны іске асыру тетігі әзірленіп, бекітілгеннен кейін оның іске қосылу мерзімі, қатысу шарттары және басқа да негізгі параметрлері анықталатыны айтылған.

ӘКК мәліметінше, бағдарлама халықтан ескі көліктерді тікелей сатып алуды қарастырмайды. Оның орнына автодилерлер мен автокөлік өндірушілерін жеңілдікпен қаржыландыру тетігі ұсынылып отыр. Жоспар бойынша экологиялық класы төмен көліктердің иелеріне жаңа автокөлік сатып алу кезінде арнайы жеңілдік сертификаттары беріледі. Осылайша азаматтар ескі көлігін кәдеге өткізіп, жаңа көлік алуға жеңілдікке ие бола алады.

Дегенмен жеңілдік мөлшері, тапсырылатын көлікті бағалау тәртібі, қаржыландыру көлемі және қатысу шарттары әзірге бекітілмеген. Бұл мәселелер бағдарламаны іске асыру тетігі қабылданғаннан кейін белгілі болады.

Жобаның негізгі мақсаты – Алматыдағы ауа сапасын жақсарту. Қалада атмосфераның ластануына көлік құралдарынан бөлінетін зиянды заттардың үлесі жоғары болғандықтан, билік ескі автокөліктердің санын азайтуды көздеп отыр. Экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді кәдеге жарату тетігін енгізу автопаркті жаңартуға серпін береді. Нәтижесінде қала көшелеріндегі ескі көліктер саны азайып, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі төмендеуі тиіс.