Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Дәрігердің сертификатын тексеру тәсілі түсіндірілді

Дәрігердің маман сертификатын eLicense порталы арқылы тексеру тәсілі түсіндірілді. Пациенттер дәрігерге жазылмас бұрын оның құжаттарын тексере алады.

Дәрігердің сертификатын тексеру тәсілі түсіндірілді
Сурет: inform.kz

Қазақстандықтар кез келген дәрігердің белгілі бір мамандық бойынша пациент қабылдауға құқығы бар-жоғын ресми жүйе арқылы тексере алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Kazinform сауалына жауап берді.

Комитет төрағасының орынбасары Жандос Әділханның айтуынша, медицина қызметкерлерін сертификаттау электронды форматта eLicense порталы арқылы жүргізіледі. Азаматтар бұл порталдағы «Рұқсат беру құжаттарын іздеу» бөлімінен медицина қызметкері туралы деректерді таба алады. Ол үшін дәрігердің деректері қажет.

«Маман сертификаты дәрігерге белгілі бір мамандық немесе мамандандыру бойынша клиникалық практикамен айналысуға мүмкіндік береді. Қолданыстағы талап бойынша, медицина қызметкері клиникалық практикаға жіберілу үшін тиісті мамандық немесе мамандандыру бойынша маман сертификатына ие болуы тиіс», — деді спикер.

Бұл талап дәрігер бірнеше медициналық мамандық бойынша жұмыс істеген жағдайда да қолданылады. Комитеттің түсіндіруінше, дәрігер әрбір мамандық бойынша клиникалық практикамен айналысуға рұқсат беретін сертификатқа ие болуы керек.

Қазір жаңа мамандық бойынша маман сертификатын алу үшін дәрігер сол мамандық бойынша резидентураны аяқтағаны туралы куәлік ұсынуы қажет. Ал 2022 жылғы 15 қарашаға дейін басқа тәртіп қолданылды. Ол кезде жаңа мамандық бойынша сертификат қайта даярлаудан өткенін растайтын құжат негізінде де берілді. Мұндай қайта даярлау кемінде 860 сағаттық оқуды талап етті. Соның нәтижесінде кейбір тәжірибелі дәрігерлерде бір кәсіби бейінге жататын екі немесе одан да көп мамандық бойынша сертификат болуы мүмкін.

Осылайша, пациент дәрігерге жазылмас бұрын оның тиісті мамандық бойынша сертификаты бар-жоғын eLicense порталынан тексере алады.