Айгүл Иманбаева докторантураға емтихан тапсырды
Айгүл Иманбаева докторантураға емтихан тапсырды. Ол өнер адамдары туралы қоғамдағы теріс пікірге қарсы шығып, білім мен дамудың маңызын атады.
Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева докторантураға түсу үшін емтихан тапсырғанын әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін ол төрт диплом алған.
Иманбаева өнер адамдары туралы қоғамда қалыптасқан теріс пікірге қарсылық білдірді. «Әртіс білімсіз, әртіс клоун деген түсінік өте қате. Мен оқуды, ізденуді жақсы көремін. Төрт дипломым бар. Докторантураға тапсыруымның себебі – 20 жылдық педагогикалық тәжірибеммен зерттейтін дүние көп», – деді ол.
Ол өнердің қоғамдағы маңызын атап өтіп, өнер адамдарын «жер дауы, ел дауы болғанда алдыңғы шепке лақтыратын клоун» емес деп атады. «Біз ақымақ адамдардың қатарында емеспіз. Қоғамда айтары бар, атқаратын міндеті, алып жүретін миссиясы бар мамандық иесіміз. Ол үшін тек оқу керек, даму керек», – деді әртіс.
Сондай-ақ ол доктор атағы үшін ғана оқымайтынын, артында қалар дүние қалдырғысы келетінін жеткізді.




