Семейлік оқушылар Бейжіңдегі робототехника чемпионатында күміс алды
Семейлік оқушылар Бейжіңдегі халықаралық робототехника чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Жарысқа 25 елден 375 команда қатысты.
Семей қаласының 11-сынып оқушылары Қытай астанасында өткен халықаралық робототехника чемпионатында екінші орынға ие болды. Бәсеке 13-16 тамыз аралығында өтті.
«2026 FIRST® LEGO® League Asia Open Championship» жарысына әлемнің 25 елі мен өңірінен 375 команда қатысты. Қазақстан атынан Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан және Абай облысынан 20-ға жуық команда бақ сынады.

Күміс жүлдені семейлік «SBIL•LION•AIRES» командасы жеңіп алды. Бұл жоба 2024 жылы «Sapa Semey Alumni» түлектер қауымдастығының қолдауымен құрылған. Бұған дейін команда Сингапурда өткен жарыста да екінші орын алған.
Команда мүшесі Нұрсұлтан Оразалиннің айтуынша, Бейжіңдегі жүлделі орын отандық робототехника үшін үлкен жетістік. Ол: «Биыл біз өте сәтті өнер көрсеттік. Алдыңғы кезеңдерде жинаған тәжірибеміз ауызбіршілігімізді нығайтып, командалық өзара іс-қимыл дағдыларымызды жетілдіруге көмектесті. Пекиндегі чемпионатта үйлесімді әрекетіміздің арқасында тұғырдың екінші сатысына көтеріле алдық», — деді.

Жарыс бағдарламасы туралы Әлихан Мұратов айтып берді. Оның сөзінше, алда төрт негізгі міндет тұрған: роботтың картадағы тапсырмаларды орындауы, инженерлік-конструкторлық шешімді қорғау, археологтарға көмектесуге арналған инновациялық стартапты таныстыру, сондай-ақ командалық жұмыстың үйлесімділігін көрсету. Сонымен қатар Бразилия, Ұлыбритания және Жапониядан келген оқушылармен белсенді қарым-қатынас жасап, бір-біріне қолдау көрсеткен.
Закария Икласов еліміздегі робототехниканың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық чемпионаттар жас инженерлерге кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның жоғары технологиялар саласындағы позициясын нығайтып, технологиялық прогресті жеделдетуге жол ашады.

Жанарыс Ардахов турнирдің командалық рухты шыңдап, күрделі жағдайларда ортақ шешім табуға үйреткенін айтты. Ол барлық қатысушылар атынан ата-аналарына және «Sapa Semey Alumni» түлектер қауымдастығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Жарыстан кейін Пекиндегі Қазақстанның мәдени орталығы жас отандастарға арнайы қабылдау ұйымдастырды. Қазақстанның Қытайдағы елшісінің атынан елшілік кеңесшісі Қайыржан Ерманов оқушыларды құттықтап, ғылым, технология және инженерия салаларында табыс тіледі. Ол: «Мұндай халықаралық жарыстарға қатысу қазақстандық жастардың білімі мен дағдыларын дамытуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді», — деп атап өтті.




