Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

АӘК алушыларға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі

Қазақстанда табысы төмен отбасыларға АӘК тағайындалып қана қоймай, жұмысқа орналасуға да көмек көрсетіледі.

АӘК алушыларға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі
Сурет: inform.kz

Қазақстанда аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек берумен қатар, олардың жұмысқа тұруына да жәрдемдесу көзделген. Бұл тәсіл азаматтардың қиын сәтте қаржылай қолдау алуымен шектелмей, өз табысын табуына жол ашады.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – мемлекеттік қолдаудың басты бағыттарының бірі. Ол материалдық жағдайы төмен отбасыларға тағайындалады. Осы жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша, елде 38,7 мың отбасы АӘК алып отыр.

Алайда көмек тек ақшалай төлемнен тұрмайды. Егер отбасында еңбекке жарамды адамдар болса, оларға жұмысқа орналасуға және кірісін арттыруға бағытталған шаралар ұсынылады.

Азаматтың жағдайына қарай оған тұрақты немесе уақытша жұмыс, кәсіби даярлық пен қайта даярлау, біліктілікті жоғарылату, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, өз ісін бастағысы келетіндерге кәсіпкерлік негіздері үйретіледі.

Әлеуметтік көмектің мақсаты – адамды ұзақ мерзімге жәрдемақыға тәуелді ету емес. Басты міндет – отбасының қиын кезеңнен өтуіне көмектесіп, мүмкіндігінше өз бетінше тұрақты табыс табуына жағдай жасау.

Бұл бағытта Мансап орталықтары маңызды рөл атқарады. Олардың мамандары азаматқа лайықты жұмыс табуға, қандай мамандық бойынша оқу қажет екенін анықтауға және жағдайына сай жұмыспен қамту шараларын таңдауға көмектеседі.

Кішкентай балалары бар отбасыларға қосымша қолдау көрсетіледі. АӘК алатын отбасыларға бір жастан алты жасқа дейінгі әр балаға ай сайын қосымша төлем беріледі. Бұл ретте отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатыса алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау әр адам үшін нақты нәтиже беруі тиіс деген ұстанымда. Егер азаматтың еңбек ету мүмкіндігі болса, оған қажетті көмекпен қатар сұранысқа ие мамандықты игеруге, өзіне лайықты жұмыс табуға және отбасының табысын арттыруға мүмкіндік берілуі маңызды.

Әлеуметтік көмек пен жұмыспен қамту шараларын қатар жүргізу екі міндетті шешеді. Біріншісі – қиын жағдайдағы азаматтарға қолдау көрсету. Екіншісі – олардың болашақта өз табысын өзі қамтамасыз етіп, экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуына жағдай жасау.