СҚО-да тауық жұмыртқасындай бұршақ жауып, бау-бақшаға зиян келтірді
Солтүстік Қазақстан облысында бұршақ жауып, бау-бақшаға зиян келтірді. Есіл ауданында бұршақ тауық жұмыртқасындай болды.
Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында қатты бұршақ жауып, тұрғындардың бау-бақшасына зақым келтірді. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, Есіл, Шал ақын және Мамлют аудандарында бұршақ жауған.

Есіл ауданындағы Ясновка ауылында бұршақтың мөлшері тауық жұмыртқасындай болған. Ал Явленка ауылында бұршақ кішірек болғанымен, тұрғындарға айтарлықтай зиян тигізген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жауын-шашын шамамен жарты сағатқа созылған. Алдымен 15 минут қатты жаңбыр жауып, кейін бұршаққа ұласқан. Дауыл кезінде бір тұрғынның гараж-қорасының шатыры зақымданып, көршілердің қоршауы жұлынып кеткен. Бұршақ бақшадағы қияр мен қызанақты ұрып, сау-тамтығын қалдырмаған.
«Қазгидромет» облыстық филиалы бір күн бұрын қолайсыз ауа райы туралы ескерткен еді. Синоптиктер өңірдің солтүстігі мен батысында найзағай ойнап, жаңбыр жауып, желдің екпіні 25 м/с жететінін хабарлаған.
Мамандардың болжамынша, ертең, 16 тамызда облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болады. Желдің екпіні кей жерлерде 28 м/с дейін жетуі мүмкін.




