Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +10° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ә.Пазылбекұлы: «Бүгінгі буынның ізденісін, көзқарасын жақсы түсінемін»

Ә.Пазылбекұлы: «Бүгінгі буынның ізденісін, көзқарасын жақсы түсінемін»

Түркістан – жастары ғана емес, қаланың өзі де қайта жаңғырған жас шаһар, әкімі де – еліміздегі ең жас қала әкімі. Түрлі саладағы жалынды қызметкерлері де түгелге жуық жастардан құралған. Барлығы дерлік құлшынып тұрған белсенді, жігерлі. Сондықтан да Халықаралық жастар күні бұл қалада ерекше аталып өтті.

Десе, дегендей-ақ, «Түркістан жастары: бір толқында»! Мерекелік кеште қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған іскер топ жастарды құттықтады.

«Жібек жолы» саябағында ұйымдастырылған кеште жастардың өнері, спорттағы жетістіктері мен шығармашылық әлеуеті көрсетілді. Бағдарламада би және музыкалық қойылымдар, сән көрсетілімі, акробатикалық шоу, ойын-сауық бағдарламалары мен мерекелік отшашу болды.

«ЖІГЕРЛІ ТҮРКІСТАН ЖАСТАРЫ ЖАСАЙ БЕРСІН!»

Салтанатты шарадағы тілек тақтасына шаһар басшысы осылай деп тілегін жазды. Түркістанның мақтаныштары мен жастардың қала дамуына қосқан үлесін атап өтті. «Бір толқында болу – елдік мұрат жолындағы үндестік деп білемін. Білімге құштарлық, жаңа идеяға ұмтылыс пен елге деген жауапкершілік – Түркістан жастарының басты қасиеті болуы тиіс. Қаламыздың келешегі – сіздердің қолдарыңызда», – деді ол.

Қазіргі уақытта Түркістанда 78 361 жас тұрады, бұл қала халқының 31,4 пайызын құрайды. Жас түркістандықтар спорт, білім, ғылым, өнер және жаңа технологиялар салаларында жоғары нәтижелер көрсетіп, қаланың мерейін арттырып келеді. Олардың ішінде халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарған спортшылар, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен байқауларда жүлде алған жастар бар.

Мерекелік кеш жастардың бірлігі мен белсенділігін, шығармашылық әлеуеті мен жаңа бастамаларға деген ұмтылысын айқындады.

Жастардың қатарында ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар бар: шахматтан Сұлтанхан Нұрислам Бабырұлы мен Асылхан Әсия Талғатқызы, үлкен теннистен Дауранова Дурдана Муслимқызы, әйелдер күресінен әлем чемпиондары Райымова Нилуфар Қахарқызы мен Шұғыла Өмірбек, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дидар Хамза.

Білім мен ғылымда да нәтижелі жастар бар: Сүлей Әли республикалық ғылыми жобада жеңімпаз атанып, Абай мұрасын жаңа медиа арқылы насихаттап жүр, Балтабай Айару Саматқызы білім сайыстарында жүлдеге ие болды. Таеквондо, сурдо дзюдо, белбеу күресі және басқа бағыттарда жастар биіктен көрініп келеді.

Әзімбек Пазылбекұлы: «Өзім де жастардың қатарындамын. Сондықтан бүгінгі буынның талабын, ізденісін және мүмкіндіктерге деген көзқарасын жақсы түсінемін. Жастарға ең керегі – сенім мен мүмкіндік. Өз идеясын жүзеге асырып, білімін жетілдіріп, спортта, ғылымда, өнерде немесе кәсіпте өзін көрсетуіне жол ашуымыз керек. Біз әр жақсы бастамаға қолдау көрсетуге дайынбыз. Барша жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын! Армандарыңызға адал болып, өз жолдарыңызды табуларыңызға тілектеспін!» – деді Әзімбек Пазылбекұлы.