Ақмарал Ерекешева әлем чемпионатында алтыншы орын алды
Қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева Франкфурттағы әлем чемпионатының жекелей көпсайыс финалында алтыншы орын алды.
Германияның Франкфурт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында жекелей көпсайыстың финалы аяқталды. Қазақстан атынан сынға түскен Ақмарал Ерекешева төрт жаттығу қорытындысы бойынша 115,800 ұпай жинап, алтыншы орынға ие болды.
Чемпионатта Германия өкілі Дарья Варфоломеев 119,500 ұпаймен жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Болгария гимнасті Стиляна Николова (117,600) иеленсе, италиялық София Раффаэли 117,550 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешеваның Франкфурттағы жарысы мұнымен аяқталмайды. 16 тамызда ол шығыршық және таспамен орындалатын жаттығулардың финалында өнер көрсетеді. Ерекешева үшін бұл әлем чемпионаты – ересектер арасындағы алғашқы әлемдік дода.




