Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +7° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Атырауда Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды

Атырау облысының Құрманғазы ауданында Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды. Шараға 3 мыңға жуық адам жиналды, қонақтар лотос алқабына экскурсия жасайды.

Атырауда Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды
Сурет: aikyn.kz

Атырау облысының Құрманғазы ауданында лотос гүлінің гүлдеу маусымына арналған Lotus Fest – 2026 фестивалі өз бастауын алды. Бұл табиғаттың ерекше сыйы саналатын гүлге арналған мереке.

Сурет: aikyn.kz

Шара өңірдің туристік әлеуетін арттыруды көздейді. Аудан тұрғындары, еліміздің түрлі өңірлерінен келген қонақтар мен шетелдік туристер фестивальге қатысуда.

Сурет: aikyn.kz

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль алаңына түске дейін 3 мыңға жуық адам жиналған. Бағдарламада мәдени-көпшілік іс-шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер көрмелері мен ойын-сауық бағдарламалары қарастырылған. Ресми ашылудан кейін өткен мерекелік концертте қазақстандық әнші Қуандық Рахым өнер көрсетті.

Сурет: aikyn.kz

Екі күнге жоспарланған фестиваль барысында қонақтар лотос алқабына экскурсия жасап, өңірдің табиғи ерекшеліктерімен танысады. Сондай-ақ этноауыл, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, фотозоналар, спорттық жарыстар және балаларға арналған арнайы бағдарламалар өтеді.

Фестивальге арнайы келген шетелдік туристер Атырау табиғатына жоғары баға берді. Қытайдан алғаш рет Қазақстанға сапарлаған теміржол тарихын зерттеуші Чи Доң Құрманғазы ауданындағы лотос алқабын көріп, ерекше әсер алғанын айтты.

– Лотос алқабы өте әдемі екен. Мұндай табиғи көріністі алғаш рет көріп тұрмын. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын, – деді ол.

Соңғы жылдары Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы еліміздегі экотуризмнің жаңа бағыттарының біріне айналып келеді. Сирек кездесетін гүлдің табиғи жағдайда жаппай гүлдеуі туристердің қызығушылығын арттырып, өңір экономикасының дамуына да серпін беруде. Фестивальдің негізгі мақсаты – Атырау облысының бірегей табиғи мұрасын насихаттап, ішкі және сыртқы туризмді дамыту.