Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +18° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Әлем БАҚ-ы Қазақстан туралы: резервтер, дата-орталық және инфляция

Әлемдік БАҚ Қазақстанның ұлттық резервтерінің өсуі, Павлодардағы дата-орталық жобасы, жанар-жағармай контрабандасына қарсы күрес, инфляцияның төмендеуі және…

Әлем БАҚ-ы Қазақстан туралы: резервтер, дата-орталық және инфляция
Сурет: inform.kz

Әлемдік басылымдар осы аптада Қазақстан жайлы бірнеше маңызды жаңалық жариялады. Олардың қатарында елдегі жылдық инфляцияның төмендеуі, Шығыс Азия елдерімен білім саласындағы ынтымақтастық және шекарадағы заңсыз жанар-жағармай тасымалына қарсы күрес бар. Сонымен қатар Павлодар облысындағы ірі дата-орталық жобасы мен ұлттық резервтердің өсімі де назардан тыс қалмады.

Ұлттық резервтер 64 миллиард долларға жетті

Report агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның халықаралық резервтері мен Ұлттық қор активтері өскен. Шілде айының қорытындысы бойынша елдің жалпы халықаралық резервтері 3 пайыздан астам ұлғайып, 63,7 миллиард долларды құрады.

Өсім негізінен еркін айырбасталатын валютадағы активтердің артуы есебінен болды, олардың көлемі шамамен 15,5 миллиард долларға жетті. Монетарлық алтынның құны да статистикаға оң әсер етті, оның жалпы құны 48 миллиард доллардан асты. Осылайша, резервтердің өсуіне валюталық активтердің ұлғаюы және бағалы металдар нарығындағы қолайлы жағдай әсер етті.

Павлодарда ірі дата-орталық 2027 жылы іске қосылады

The Times of Central Asia басылымының мәліметінше, келер жылы Павлодар облысында Data Center Valley жобасы іске қосылады. Қазіргі уақытта жобаның бірінші нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Энергия орталықтары мен AI-фабрикаларға арналған қазаншұңқырларды әзірлеу 90 пайызға аяқталған.

Желтоқсан айында дата-орталық пен энергоблоктардың, әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, бақылау-өткізу пункттерінің және сыртқы инженерлік желілердің корпустары тұрғызылады. Бірінші нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы маусымға жоспарланған. Дата-орталықтың қуаты 50 МВт шамасында болады, ал оны энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт қосалқы станса сатып алынған.

Шекарада жанар-жағармай контрабандасына тосқауыл

ТАСС агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегіне сүйене отырып, 1-10 тамыз аралығында Қазақстан шекарашылары 400-ден астам заңсыз жанар-жағармай алып шығу әрекетіне жол бермегенін хабарлады. Тамыз айының алғашқы он күнінде мемлекеттік шекарада тауарлар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың 551 дерегі анықталған. Оның 411-і – жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеті, ал 140-ы – халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдауға байланысты құқықбұзушылық.

Еске сала кетейік, маусым айында жанар-жағармайды шетелге заңсыз тасымалдайтын алты арнаның жабылғаны хабарланған еді.

Инфляция 10 ай қатарынан төмендеді

Қытайдың Жэньминь жибао басылымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдағанын жазды. Кездесуде 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы талқыланды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының нығаюы ықпал еткен.

Жапония және Корея университеттерімен серіктестік кеңеюде

Жапондық Jiji Press агенттігі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттері және ғылыми-технологиялық ұйымдарының басшыларымен кездескенін хабарлады. Токиода министр Tokyo Metropolitan University және Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің (UNU) басшылығымен кездесті.

Tokyo Metropolitan University ректоры Такаэ Охашимен университеттер арасындағы байланыс, академиялық ұтқырлық және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Министр екі білім ұйымының жетекшілерін қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына шақырды.