Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуіне міндетті үміткер атанды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO арнайы комитетінің шешімімен екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атанды.
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер болып тағайындалды. Бұл туралы Qazsport телеарнасына сілтеме жасап, Aikyn.kz хабарлады.
WBO арнайы комитеті қазақстандық спортшының шеттетілу мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды. Сонымен қатар, комитет Әлімханұлын осы мәртебеге үміткер Якоб Банктен жоғары қойды. Бұл шешім боксшының орта салмақтағы чемпиондық тәжірибесі мен WBO титулын бірнеше рет қорғағанын ескере отырып қабылданған.
Жәнібек Әлімханұлы — 17-0 (12 КО), ал оның қарсыласы Хамза Шираз — 24-0-1 (19 КО). WBO тараптарға жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 күн уақыт берді. Егер осы мерзім ішінде ортақ мәмілеге қол жеткізілмесе, жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік сауда арқылы анықталады.




