Ақмолада алғашқы әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионаты басталды
Ақмоладағы «Амандық» полигонында алғашқы ұлттық әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионаты басталды. 18 команда төрт бағыт бойынша сайысады.
Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен алғашқы ұлттық әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионаты салтанатты түрде ашылды.

Сайысқа күштік құрылымдар, азаматтық жоғары оқу орындары, инженерлік мектептер, технопарктер мен отандық кәсіпорындар атынан 18 команда қатысуда. Қарулы күштерден Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Қорғаныс министрлігінің үш әскери институтының командалары бақ сынауда.

Чемпионат финалистерін Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев құттықтады. Ол Shaiqas чемпионатының басты мақсаты – отандық инженерлер мен робототехника және ұшқышсыз басқарылатын жүйелер саласындағы мамандарды бір алаңға біріктіріп, олардың әзірлемелерін Қарулы күштерде іс жүзінде қолдану екенін атап өтті. «Чемпионат перспективалы мамандарды анықтауға, олардың жобаларын қолдауға және ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сайыс «Әуе жүйелері», «Жерүсті жүйелері», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика» бағыттары бойынша өтуде. «Қайсар» командасына Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары біріккен. Олар барлау жүргізуге, мина макеттерін орнатуға және шартты түрде жараланғандарды эвакуациялауға арналған робототехникалық кешенді, сондай-ақ өздері жасаған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар желісін таныстыруда.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Мейірбек Оралұлы барлық әзірлемелер институт базасында жасалғанын, техниканы барынша практикалық әрі әмбебап етуге тырысқандарын айтты. «Робототехникалық кешен бірден бірнеше міндетті орындай алады, ал ұшқышсыз басқарылатын жүйелер барлау және басқа да қолданбалы мақсаттарға арналған», – деді ол.
Қазір полигонда қызу жұмыс жүріп жатыр. Қатысушылар отандық робототехникалық және ұшқышсыз ұшатын жүйелердің мүмкіндіктерін көрсетіп, оларды түрлі сценарийлерде қолдануды пысықтауда. Инженерлік шешімдер дәлдігі мен технологиясы тұрғысынан ғана емес, шынайы жағдайда жұмыс істеу қабілетіне қарай да сыналуда.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Батыл Тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына тартылып, ұшқышсыз басқарылатын жүйелер операторларымен бірлесіп робототехниканы нақты жағдайға жақын ортада қолдану тәсілдерін пысықтайды. Марапаттау рәсімі 15 тамызда өтеді.




