Сайрамда аустралиялық технологиямен мал биржасы салына бастады
Сайрам ауданында аустралиялық технологиямен мал биржасының құрылысы басталды. Жоба құны 5,2 млрд теңге, жер көлемі 24 гектар.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына барған сапарында Ақсукент ауыл округіндегі Ақсу елді мекенінде мал сату биржасының құрылысына капсула салды. Бұл жоба аустралиялық технология бойынша жүзеге асырылады.

Өңір басшысы бұл бастаманың аймақ экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу – өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырудың негізгі бағыттары екенін айтқан.

– Бүгінгі жоба – «RED GOLD» ЖШС-нің мал биржасы – елімізде баламасы жоқ, ауқымды әрі маңызды жоба. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды әрдайым қолдаймыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаны «RED GOLD» ЖШС іске асыруда. Қазіргі уақытта аустралиялық компаниялардан коммерциялық ұсыныстар алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал металл конструкциялардан жасалатын қаңқаларды дайындауды түркиялық «Agro Fine» компаниясы атқарады.
Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Оның 4,7 млрд теңгесі жеңілдетілген несие, ал 500 млн теңгесі инвестордың жеке қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жер телімінің көлемі – 24 гектар. Құрылыс материалдарының 30 пайызы Аустралиядан, 70 пайызы Түркиядан жеткізіледі.




