Қазақстанда AI-Native cities & regions моделіне көшу басталды
Қазақстанда Smart City / Smart Region әдістемесінің жаңа редакциясы бекітілді.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Smart City / Smart Region құру әдістемесінің жаңа нұсқасын бекітті. Құжат өңірлерді цифрлық трансформациялаудың бірыңғай тәсілдерін айқындайды, олар жасанды интеллект, деректер және заманауи технологияларға негізделген.
Жаңартылған әдістеме Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Ол жекелеген цифрлық жобаларды іске асырудан аумақтарды басқарудың бірыңғай интеллектуалды жүйесін қалыптастыруға көшуді көздейді. Бұл модельде жасанды интеллект, деректер және цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың негізіне айналады.
Әдістемедегі басты жаңашылдық – жобаларды бірыңғай архитектуралық және функционалдық талаптар негізінде іске асыруға көшу. Бұл ақпараттық жүйелердің қайталануын болдырмауға, олардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге, әзірлеу және сүйемелдеу шығындарын азайтуға, сондай-ақ өңірлердің бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Міндетті бастамалар тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы базалық жобалармен қатар, әдістемеге цифрлық дамудың жаңа бағыттары енгізілді:
- ұшқышсыз авиациялық жүйелердің (ҰАЖ) инфрақұрылымы;
- әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын интеллектуалды мониторингтеу;
- цифрлық инфрақұрылымы бар қос мақсаттағы тіректер;
- білім беру ұйымдарында интернеттің қолжетімділігін бақылау;
- мәслихаттардың қызметін цифрландыру;
- өңірлік IT-хабтар мен аудандық IT-орталықтарды дамыту.
Сонымен қатар «ақылды» аялдамаларды, цифрлық музейлер мен кітапханаларды, 3D/VR турларды, сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын мониторингтеу жүйелерін енгізу көзделген.
Аумақтарды басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірлік талдау орталықтары, Data Lake және интеллектуалды сервистер оқиғаларға әрекет етуден оларды алдын ала болжауға және деректер негізінде шешім қабылдауға көшуге, осылайша өңірлерді басқарудың AI-Native моделін енгізуге мүмкіндік береді.
Жаңа әдістеменің бекітілуі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру және еліміздің заманауи цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы маңызды кезең болып табылады. Құжат өңірлер арасында үздік шешімдерді масштабтауға, интеллектуалды қалалар мен өңірлерді дамытуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.
Қазіргі уақытта Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әдістеме талаптарын практикалық іске асыруға және Қазақстанның барлық өңірінде AI-Native cities & regions бірыңғай моделін енгізуге кіріседі.




