Қазақстанда 3,2 млн тонна астық жиналды
Қазақстанда егін жинау науқаны барысында 3,2 млн тонна астық жиналды.
Биылғы егін жинау науқаны барысында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин күзгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, еліміздің көптеген өңірінде астық жинау жұмыстары жүргізілуде. Науқан тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Биыл жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құраса, оның 15,6 млн гектарына дәнді және бұршақты дақылдар егілген.
Қазіргі уақытта 1,9 млн гектар (12,5%) алқаптан дәнді дақылдар жиналды. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1 млн гектар (6,1%) болған. Егіннің ерте пісуіне әдеттен тыс ыстық жаз себеп болды. Орташа өнімділік өткен жылғы 14,8 ц/га-мен салыстырғанда 16,4 ц/га-ға жетті. Жиналған астық көлемі 3,2 млн тоннаны құрады.

Майлы дақылдар 3,4 мың гектардан жиналып, орташа өнімділік 10,5 ц/га болды (былтыр 7,4 ц/га). Жиналған майлы дақыл көлемі – 3,5 мың тонна. Ұйымдасқан шаруашылықтарда 214 мың тонна картоп жиналды, орташа өнімділік 249,2 ц/га (былтыр 235,6 ц/га). Сонымен қатар 628,6 мың тонна көкөніс пен 506,9 мың тонна бақша дақылы терілді.
Науқанға техника дайындығы шамамен 97% құрап, басталғанда 100%-ға жетуі тиіс. Жинауға 130,8 мың трактор, 29 мың астық комбайны, 17 мың орақ және 130 мың бірлік басқа техника жұмылдырылады. Оның ішінде жеңілдікті лизинг бағдарламасымен алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн бар.
Фермерлерге жоспардың 83%-ы – 1,9 млн тонна тыңайтқыш жөнелтілді. Өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен бірлесіп, МӨЗ-ге облыстарды бекіту кестесі шілде-қарашаға белгіленген. Негізгі астық өңірлеріндегі өндірушілер үшін дизель отынының бір литрі 305-310 теңге, бұл нарықтық бағадан 10%-ға төмен. Қазіргі уақытта өңірлерге 65,8 мың тонна отын жеткізілді.

Жеткізілімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін дизель отынына жеке пин-кодтар мен цифрлық таңба енгізіліп, ол көк, сары және қызыл түспен боялады. Электрондық шот-фактура жүйесінде виртуалды қойма құрылды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында молекулалық таңбалауды енгізу пысықталуда. Дәнді және майлы дақылдарды кептіруге 60 мың тонна сұйытылған газ бөлінді.
Отырыста астық қоймаларының дайындығына ерекше назар аударылды. Жалпы сақтау қуаты 30,7 млн тонна болса, ағымдағы жүктеме 2,4 млн тонна (17%). Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында кейбір элеваторлар 40%-дан астам толтырылған. Серік Жұманғарин әкімдіктерге Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, қоймаларды босатуды тездетуді тапсырды.
«Біз агротехнологияларды сақтаудың нәтиже беретінін көрдік: егін жинау басталған осындай құрғақ жазда да орташа өнімділік 16,4 ц/га-ға жетті. Ал бұрын орташа есеппен 11-12 ц/га болған. Жиын-терім науқаны кезінде уақыт қыспас үшін астық пен майлы дақылды кептіруге қажетті газ бен дизель отыны әзір болуы тиіс. Жылжымалы құрам жеткілікті мөлшерде болып, өнімді сақтайтын астық қоймаларын уақтылы босату қажет», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Вице-премьер негізгі астық өңірлері әкімдерінің орынбасарларын тыңдады. Ақмола облысы қыркүйекке жоспарланған дизель отынының бір бөлігін тамызға ауыстыруды сұрады. Энергетика министрлігіне бұл мәселені жедел пысықтау тапсырылды. Жамбыл облысы мен Жетісуда қант қызылшасын жинауға дайындық қаралды. Көксу қант зауытында қуаттылық тәулігіне 2 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін арттырылып, жаңғырту жүргізілуде. Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін жаңа желіні іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде, оны қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Меркі (3 мың тонна) және Ақсу (3,5 мың тонна) зауыттары штаттық режимде жұмыс істейді. 2027 жылға қарай Ақсу зауытының қуатын 4,5 мың тоннаға, Көксу зауытының қуатын 5 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.
2025 жылы Қазақстанда 171,9 мың тонна қант өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға артық. 2026 жылғы қаңтар-маусымда 76,9 мың тонна қант өндірілген.




