Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +18° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Түркістанда спорт чемпиондарына пәтер кілттері табысталды

Түркістан облысында Спорт күніне орай салтанатты жиын өтіп, чемпиондарға пәтер кілттері мен қаржылай сыйақылар табысталды.

Түркістанда спорт чемпиондарына пәтер кілттері табысталды

Түркістан облысында Спорт күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға өңірдің спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар және сала мамандары қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналғандарды мерекемен құттықтап, өңірдегі спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда облыста 218 спорт нысаны пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 58 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Биыл 220 спортшы мен 14 жаттықтырушыға ай сайынғы стипендия тағайындалған.

– Бұл мереке – кәсіби спортшылар мен бапкерлерге ғана емес, барлық жанкүйерлер мен салауатты өмір салтын ұстанатын әрбір адам үшін айтулы күн. Себебі, спорт барша әлемді біріктіреді, дені сау, саламатты қоғам қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарады. Сондықтан елімізде бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасалуда. Бұл – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Салтанатты шарада облыс басшысы спорт саласына үлес қосқан бір топ азаматты Грамоталар және Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медальдарын табыс етті. Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиадалық ойындарының жеңімпаздарына 2 және 3 бөлмелі пәтер кілттері берілді. Еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне қаржылай сыйақылар табысталды.

2026 жылғы 7 айдың қорытындысымен облыс спортшылары 876 медаль жеңіп алған. Оның ішінде Әлем чемпионаттарында 15, Азия чемпионаттарында 66, Қазақстан чемпионаттарында 795 медаль бар. Сонымен қатар спортшылар ірі халықаралық жарыстарға 60 лицензия жеңіп алды. Атап айтқанда, Жапонияның Айти – Нагоя қаласында өтетін ХХ Азия ойындарына 35 спортшы, Пара Азия ойындарына 5 спортшы және Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 20 спортшы қатысады.

Қазіргі таңда облыста 493 мемлекеттік және жеке спорт ұйымы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 89 мыңнан астам спортшы спорттың 62 түрімен айналысады. Дене шынықтырумен тұрақты шұғылданатын тұрғындар саны 866 мың адамнан асып, 43,4 пайызға жетті. Облыста 3 595 спорт нысаны бар, биыл 62 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.

Іс-шара аясында спортшылардың жетістіктері мен маңызды жобалар таныстырылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар патриоттық әндер орындады.