Астанада спорт ардагерлерінің алғашқы форумы өтті
Астанада спорт ардагерлерінің I форумы өтіп, елордалық филиалдың басшысы тағайындалды.
Астанада Спорт күні қарсаңында «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің елордалық филиалы мен спорт ардагерлерінің I форумы ұйымдастырылды. Бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасап, Aikyn.kz хабарлады.
Форумға 150-ден астам адам қатысты: спорт ардагерлері, танымал спортшылар мен жаттықтырушылар, мемлекеттік органдар мен спорт қауымдастығының өкілдері.
Жиын барысында спорт дәстүрлерін сақтау, аға буын тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері талқыланды.
Елорда филиалын Қазақстанның жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Елжанов басқарады. Оның айтуынша, одақ 15 шілдеде құрылған, ал бүгінгі форум – бастамасы ғана. «Аз ғана уақыт ішінде ұйым қатарына көптеген спорт ардагерін тарттық. Бүгін алғашқы форумымызды өткізіп отырмыз. Бұл – бастамасы ғана. Алдағы уақытта спортшылармен шеберлік сабақтарын өткізіп, жарыстарға қатысамыз, балалармен жұмыс істейміз. Өз жетістіктеріміз бен өмірлік тәжірибеміз арқылы жастарға үлгі болып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға ынталандырамыз», – деді ол.
Филиал жұмысының негізгі бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау және аға буынның тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізу.
Форумда спорт ардагерлеріне алғыс хаттар, естелік төсбелгілер мен аты-жөні жазылған футболкалар табысталды.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов спортшылардың әр буыны арасындағы сабақтастықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. «Сіздердің тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіздің жас ұрпаққа жетуі біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан сіздердің бастамаларыңыз бен бірлескен жобаларыңызды қолдауға дайынбыз. Бұл филиалдың ашылуы жиі бас қосып, маңызды мәселелерді талқылауға және спортты дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ол.
Қатысушылардың пікірінше, жаңа филиал спорт ардагерлерінің тәжірибе алмасуына, спорттық және ағартушылық іс-шаралар, шеберлік сабақтары мен кездесулер өткізуге, сондай-ақ балалар мен жас спортшыларға бағыт-бағдар беруге арналған маңызды алаңға айналады.



