Әскери робототехника чемпионатында 18 команда бақ сынайды
Қазақстанның әр өңірінен 18 команда әскери робототехника чемпионатында бақ сынайды. Жүлде қоры 20 млн теңге.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 18 команда чемпионатта жеңімпаз атану үшін күш сынасады. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Қарулы күштер атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының және Радиоэлектроника мен байланыс әскери-инженерлік институтының құрама командалары қатысады.
«Әуе жүйелері» номинациясында қатысушылар FPV-дрондарды құрастыру, басқару, барлау жүргізу және шартты жүкті жеткізу дағдыларын көрсетеді. «Жерүсті жүйелері» бағыты бойынша командалар робототехникалық кешендерді басқарып, эвакуациялау, жабдықтарды жеткізу және инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.
Цифрлық қорғаныс мамандары «Киберқауіпсіздік» бағытында модельденген кибершабуылдарды анықтап, оларға тойтарыс беруде өз күштерін сынайды. «Тактика» сайысында командалар уақытқа кешенді тапсырмаларды орындайды, оның ішінде атыс дайындығы, тактикалық медицина элементтері және командалық үйлесімді іс-әрекетке арналған жаттығулар бар.
Чемпионатты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Defence Tech Center инновациялық хабы, WSE, Barys Dynamics, Ақмола облысының әкімдігі, USTEM Foundation, Ashyq Aspan Foundation, Cyberlabs қоғамдық қорлары, Astana Hub, Tensor Engineering және Barys Dynamics School ұйымдары ұйымдастырып, қолдау көрсетті. Жүлде қоры – 20 млн теңге.




